2021 жылдың 2 сәуір күні Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұзақ жылдық еңбек өтілі бар мамандары марапатталды.
«Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов еңбек жолдарында 30 жылдан астам еңбек тәжірибесіне ие, ардагер, білікті мамандарға өзінің құттықтау-тілектерін арнап, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.
Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы өз сөзінде:
– Мәдениет саласының мамандары үлкен құрметке лайық жандар. Соның ішінде кітапхана қызметкерлері – нағыз адал еңбектің айналары, – деп атап өтті.
Бұған дейін де өзінің белсенді ұжымымен көзге түскен кітапхана қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Саиновна бірлестікте үлкен еңбек өтіліне ие мамандардың бар екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында ҚРКФ-ның еңбек адамының сапасы мен жағдайын жақсартуға бағытталған стратегиясы айтылып, ел тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, қолға алынып, бастама болып жатырған кәсіподақ жобалары туралы ақпараттар берілді.
«Еңбек даңқы» орденіне ие болған мамандар – Айман Ниязова мен Қанипа Күлжемиева «Жұмысын ерекше сүйіспеншілікпен жасап, адалынан қызмет еткен жанға еңбек те бас иеді» деген ұстанымды алға тартатындарын жеткізді.
Айман Ниязова – Х.Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында елеулі еңбек етіп келе жатқан жоғарғы категориялы кітапханашы, жұмыс өтілі – 33 жыл. Ал, Қанипа Күлжемиева – кітапхана мекемесінің құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Жалпы жұмыс өтілі – 38 жылды құрайды.