ҚРКФ «Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясының кейіпкері – Айжан Сексенова

Сексенова Айжан Болатбекқызы 1991 жылы 18 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Күршім ауданында дүниеге келді. 1997 жылы Өскемен қаласы №22 орта мектебіне қабылданып, 2009 жылы сол мектептің түлегі атанды. 2013 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Биология пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Ұлан ауданы, «Каменка орта мектебінде» мұғалім ретінде бастаған. Ол 8 жылдан бері кәсіподақ мүшесі.

2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының №53 мектеп-лицейінде биология пәні мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Педагог-сарапшы.

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры, ұстаздардың қолыңда!!!» демекші, елордада ұстаздық жолын жалғастырған Айжан өзінің ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанды. 2017 жылы «Жас ұстаз жаңашылдығы» атты мектепішілік байқауында бас жүлдеге ие болды. 2018 жылы республикалық байқауда «Үздік жас маман» төс белгісімен, 2020 жылы мұғалімдерге арналған І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасында ІІІ орын алғаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.

А.Сексенованың шәкірттері бірнеше байқауларда бой көрсетіп келеді. 2019 жылы республикалық «Зерде» балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық конкурсының қалалық кезеңінде Асқарбек Мерейлім ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, 2020 жылы «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми орталығы ұйымдастырған «Сен ғылымға болсаң ынтық…» атты республикалық ғылыми жоба байқауында оқушысы Тәжіхан Айша І орын алғаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.

Айжан Сексенова қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ағымдағы жылы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай қалалық «Әділет» кәсіподақ ұйымының марапатына ие болды.

Қарапайым отбасыдан тәлім-тәрбие алған Айжанның бауырлары да ұстаздық мамандығын таңдаған. Туған жері Өскемен қаласы, Ұлан ауданы «Асубұлақ орта мектебінде апасы Зарина бастауыш пәні мұғалімі, сіңлісі Камшат өзін-өзі тану пәні мұғалімі және інісі Жарас тәлімгер болып еңбек атқарып келеді.

Сексеновтің отбасынан шыққан жас ұстаздар білім беру саласындағы еңбектерін мақтан тұтады.