Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуы әлеуметтік мемлекеттің қалыптасу жағдайларымен, азаматтық қоғамның қалыптасуымен және жұмысшыларды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесімен тығыз байланысты болып отыр.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы елімізде екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отырған ең ірі қоғамдық ұйым. Өз қызметінде Кәсіподақтар федерациясы республикалық деңгейде кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлін күшейтуде және ондағы мүшелерінің заңды құқығы мен мүддесін қорғауда, кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру бағыттында ауқымды жұмыстар атқаруда. Айта кетсек, биылғы жылды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жариялады, сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 Еңбек Елшісі», «Халықтық бюжет» атты кәсіподақтық жобаларды іске асыруда.
Кәсіподақ ұйымдары мен ондағы мүшелер санын арттыру жұмыстары Жамбыл өңірінде жалғасын табуда. Бұл жұмыстардың қарқын алуына мұрындық болған өңір басшысы Б.Сапарбаевтың жыл басынан бері облыстың ірі өндірістік кәсіпорындарын жеке өзі аралап, жұмыстарымен танысуы болды.
Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігі басшылығына Бағлан Қарашолақов келгелі бұл жұмыстардың қарқыны да күшейе түсуде. Наурыз айының ортасынан бастау алған, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы болуымен және аудан әкімдерінің қатысуымен Жамбыл облысының он ауданында бірқатар жұмыс берушілермен кездесулер өткізілді. Аудан орталықтарында өткен жиынға сол жердегі іргелі өндірістік кәсіпорын өкілдері, ірі кәсіпкерлік субъектілері мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Жұмыс берушілермен өткен кездесуде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б. Қарашолақов бастауыш кәсіподақ ұйымын құрудың қажеттігін айта отырып, кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамына көрсететін көмегі мен қолдауы, құқығын қорғауы, ұжымда қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуалдың қалыптасуы мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Сондай-ақ, осы жиындарға қатысқан «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ш. Исабеков пен өңірдегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы филиалының төрағасы Б. Данияров кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларына өздерінің салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, еңбек ұжымында қабылданатын ұжымдық шарттың ұтымды тұстарын жан-жақты жеткізген.
Аудан әкімдері аудандардағы кәсіпорындар, ірі кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтары ұйымдарында кәсіподақ ұйымын құруға байланысты қоғамдық негізде әр ауданда жауапты адамды бекітіп, облыстық кәсіподақтар бірлестігімен бірге тығыз жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.
Дәл осы сияқты қарқынды жұмыстар облыс орталығында да атқарылды. Тараз қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы құрамындағы Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов қаладағы орта және шағын бизнес субъектілеріне тиесілі іргелі кәсіпорындарды аралап, кәсіподақ ұйымдарын құру, ұжымдық шарт жасау қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімдіктері және кәсіпкерлік субъектілерімен кәсіподақ өкілдерінің әлеуметтік әріптестік механиздерін қолдана отырып жүргізген ауқымды жұмыстары көп күттірмей өз нәтижесін де бере бастады.
Атап айтқанда, Тараз қаласында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы Жамбыл облыстық филиалының құрамына үш кәсіпорында 630 адамды қамтыған жаңа 3 бастауыш кәсіподақ ұйымы, ал «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының құрамына Жамбыл, Меркі және Қордай аудандарында 110 адамды қамтыған 8 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, Жамбыл облысындағы бастауыш кәсіподақтар санын 11 мүшелік ұйымға арттырып отыр.
Кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында жаңа ұйымдар құру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.