Еңбеккер бейнесінде – Жұпар Өтеғалиқызы

«Еңбекті насихаттау – қоғамда, әлеуметтік қарым-қатынаста, тәрбие институттарында үлкен маңызға ие аспектілердің бірі. Бұл орайда, еңбек жаршыларының белсенділігін көтеріп, олардың құқықтық, әлеуметтік тығырықтарының алдын алып жүрген кәсіподақ бірлестіктерінің жұмыстары нәтижелі ақталуда деп айта аламын», – дейді Жұпар Өтеғалиқызы.

Жексенғалиева Жұпар – 1968 жылы 1 желтоқсанда БҚО Сырым ауданына қарасты Тасқұдық ауылында дүниеге келген. 1991 жылы еліміз егемендікке қол жеткізгенде Жұпар Өтеғалиқызы Сырым ауданындағы Правда орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған еді. Бұл уақыт аралығында Жұпар Өтеғалиқызы, нағыз еңбектің адамы деп мойындалып, бірнеше рет марапат-алғыстарға ие болған еді. Бүгінгі таңда, 30 жылдық еңбек тәжірибесіне ие ардагер ұстаз Орал қалалық №42 «Ақ ниет» гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етуде. Аталмыш мектеп қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Жұмабайқызы өз сөзінде:

▪︎ Кәсіподақ – еңбек адамының мүддесі үшін! Біздің бірлестікте кейінгі ұрпаққа еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бері келе жатқан нағыз еңбек жаршыларының қызметтік жолын насихаттау үшін аға буын өкілдерімен жиі бас қосулар ұйымдастырылып тұрады. Еске сала кетсек, ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, ҚР Кәсіподақтар федерациясында бірқатар шаралар бастау алып отыр, бұл ретте біз де ұжымымыздағы еңбек адамдары үшін белсенділік танытатын боламыз, – дейді ол.