Ардагерлерге құрмет көрсетілді

ҚРКФ «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» жаңа стартегиясында ең басты құндылығымыз еңбек адамы екені нақты айтылған. Осы орайда Ақтөбедегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары көптеген игі шараларды қолға алуда.

Соның бірі жуырда Ақтөбе қалалық Сағи Жиенбаев атындағы кітапхана ұжымы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен оқырмандар арасында еңбек адамдарының озық істерін жастарға жете насихаттау мақсатында тәрбиелік шара өтті.

«Старт» спорт клубының мүшелерімен бірге ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері, ауыр атлетикадан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен 10 дүркін чемпион Қадырдан Ізғарин және қазақша күрестен Ақтөбе облысындағы алғашқы спорт шебері, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Зейнулла Тулеутаевпен кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу барысында спорт ардагерлері оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, тәжірибелерімен, өз салаларындағы жетістіктерімен және қызықты әңгімелерімен бөлісті. Сонымен қатар олар спорттың басты құндылығы және жастарды спортқа баулудың маңыздылығы туралы әңгімеледі.

«Старт» спорт клубының мүшелері спорт және денсаулық туралы өлеңдер оқыды, сонымен қатар кеш қонақтарымен қызықты викторина ойнап, кездесу көңілді болды. Кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина спорт ардагерлеріне алғысын білдіріп, ризашылығын білдірді.

Көрермендер «Спортжан серігі» кітап көрмесімен танысты.