Кәсіподақтар жұмысшылардың әл-ауқатын қорғайды

“Қазақстан теміржолы “Ұлттық компаниясы” АҚ – “Магистральдық желі дирекциясы” филиалының кәсіподақ комитетінің төрайымы Балжан Ақылтайқызы Ботатаева теміржол көлігі қызметкерлерінің арасында лайықты бедел мен құрметке ие. Ол 50 жылға жуық кәсіподақ ұйымының мүшесі.

Б.Ботатаева 1954 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтының “Экономика және жоспарлау” мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысы Комсомол қалалық комитетінде, темір жол көлігі саласындағы жұмысын 1981 жылы КСРО Қатынас жолдары министрлігі Целинный темір жолының Көкшетау бөлімшесінде қаржы-экономикалық қызметінде бастады.

2005 жылғы наурыздан бастап “ҚТЖ” ҰҚ” АҚ – “Магистральдық желі дирекциясы” филиалы басшылығының шақыруы бойынша экономика департаменті басқармасы бастығының орынбасары лауазымына ауыстырылды.

Балжан Ботатаева өз қызметінде ұйымдастырушылық, басқарушылық, орындаушылық, жауапкершілік қабілетімен қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Ол 2011 жылы “Магистральдық желі дирекциясы” филиалы кәсіподақ комитетінің төрайымы, 2014 жылдан бастап негізгі жұмысынан босатылған кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланды.

«Соңғы жылдары жұмысшылардың әл-ауқатын қорғауда кәсіподақ ұйымдарының қызметі оң бағытта дами бастады. Қазіргі таңда “Магистральдық желі дирекциясы” филиалының кәсіподақ ұйымы қатарында 500-ге жуық кәсіподақ мүшелері бар, бұл қызметкерлердің 98 %-ын құрайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымында дирекцияның барлық құрылымдық бөлімшелерінен сайланған 11 кәсіподақ көшбасшылары әлеуметтік-еңбек қатынастарын және еңбек даулары мәселелерін шешу, еңбекті қорғау және қозғалыс қауіпсіздігін бақылау, жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық және тұрғын үй жағдайларын тексеру, санаторийлер мен балалар сауықтыру лагерлеріне жолдамаларды бөлу т.б. жұмыстарды белсенді атқарып келеді»,-дейді Б.Ботатаева.

Ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастары “ҚТЖ” ҰК” акционерлік қоғамы мен оның еңбек ұжымы арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартпен реттеледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан еңбекақы төлеу және қызметкерлер үшін барлық әлеуметтік пакетті жақсарту мәселелері бойынша берілген ұсыныстары ұжымдық шартқа енгізіліпті.