Авариялық-құтқару саласының кәсіподақ мүшелері марапатқа ие болды

2021 жылдың 7 сәуір күні «БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымы Айгүл Есекенова «Кәсіби әскерилендірілген авариялық – құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-ның «Ақ Берен» Батыс Қазақстан облыстық филиалының құрылымдық бөлімшесінде өткен жиынға қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – жұмыс сапарымен өңірге келген «Кәсіби әскерилендірілген авариялық – құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Вячеслав Вавилинді қарсы алу, өңірдің жұмыс жағдайымен, ондағы кәсіподақ қозғалыстарының нәтижелерімен таныстыру.

Жиынға «Ақ Берен» облыстық бөлімшесінің директоры Әділбек Көбенов, Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев және «Ақ Берен» облыстық бөлімшесі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жексен Оразов пен белсенді кәсіподақ мүшелері қатысты.

Сонымен қатар, шарада кәсіподақ мүшелері ерең еңбектері үшін марапатталды. Толығырақ тарқатар болсақ, ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, «Еңбек Даңқы» медалімен қатардағы құтқарушылар Рашид Азимов пен Дәурен Сейтов және жедел-құтқару штабының жүргізушісі Хамит Блялов марапатталды. Сондай-ақ, құрамында 100-ден астам еңбек адамы бар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жексен Оразовқа «Облыстық филиалдың бастауыш кәсіподақ төрағасы» төсбелгісі табысталса, филиал директорының әкімшілік және қаржы жөніндегі орынбасары Сәкен Шугаюпов пен Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша инженер маман Сүйеғали Сағыновқа және заңгер Сәкен Жұмағалиевқа «Кәсіподақтың құрметті мүшесі» төсбелгілері табысталды.

Шара соңында облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова өңірдегі кәсіподақ қозғалысы туралы ақпараттар беріп, марапатқа ие болған кәсіподақ мүшелерін құттықтады.