Еңбекті қорғау – Еңбек адамын қорғау

Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның “Shymkent Bus” ЖШС-нде көшпелі отырысы өтті.

Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Мақсұт Исахов, “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Калжанов, жергілікті полиция бастығы, полиция подполковнигі Оңласбек Алғибаев, Еңбекші ауданының прокуроры Дулат Жақсыбайұлы, “Медиацияны дамыту орталығы” халықаралық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы өкілдігінің медиаторлары, маршрут бригадирлері, жүргізушілер және кондукторлер қатысты.

Күн тәртібінде “Shymkent Bus” Басқарушы компаниясы” ЖШС-нің еңбек ұжымындағы әлеуметтік ахуалды жақсарту, шағын бизнес субъектілерінің іс-әрекеттеріне келтірілген арыз-шағымдармен жұмыс жүргізу барысы талқыланды.

Жиында «Shymkent Bus» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Қолдасбекова баяндама жасап, 2020 жылдың басында “Shymkent Bus” “Басқарушы компаниясы” ЖШС-де бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылғанын баян етті. Қазіргі таңда кәсіподақта 690 мүше бар. Қазіргі кезде ұжымдағы ахуал бірқалыпты, даулы сұрақтар шешілген. Әр кезде екі тарап бір-бірін жіті түсініп, ортақ шешімге келіп, жұмыс жасауға атсалысады.

Серіктестікте кәсіподақ құрылғаннан бері жұмыскерлерге көптеген қолдаулар көрсетілген. Жұмыскерлерге мереке кездерінде қаржылай сыйақы және еңбекте озат жұмысшыларға Алғыс хаттар мен төсбелгілер берілуде. Сондай-ақ, мерейтойларында, баласы туылғандарға, тіпті отбасында қайғылы жағдай орын алса қаржылай көмек көрсетіледі.

Кездесу барысында ұжымның талап-тілектері тыңдалды. Жүргізушілер алдымен, қала орталығындағы бірқатар көшелердің сапасына көңілдері толмайтынын айтты. Комиссия төрағасы Мақсұт Пернебайұлы ағымдағы жылы қаржының басым бөлігі қаланың шет жағында орналасқан жолдарға бөлінгенін және қала орталығындағы көшелердің ойықтарын жөндеу белгілі себептердің салдарынан тоқтап қалғанын жеткізді. Дегенмен, қала орталығындағы көшелердің ағымдағы жөндеу жұмыстары сәуір айында басталғанын түсіндіріп берді.

Сондай-ақ, жүргізушілер таңертеңнен кешке дейін бір орында отырып жұмыс жасайтындарын мысалға келтіріп, еңбектері ауыр екендерін алға тартып, шипажайларда жолдама беріліп-берілмейтінін білгісі келді. Кәсіподақ төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Еңбек заңнамасына сәйкес, жүргізушілердің жұмысы ауыр санатқа жатпайтынын жеткізіп, төленіп отырған жарна бойынша шипажайға жолдама беруді бастауыш кәсіподақ ұйымы шешетінін айтты. Бауыржан Ілімшеұлы жарна мөлшері көрсетілетін әлеуметтік көмектен артылса, мұқтаж жандарға берілетінін алға тартты.

Бұдан өзге құқықтық сала бойынша да сауалдар қойылды. Жергілікті полиция бастығы, полиция подполковнигі Оңласбек Алғибаев, Еңбекші ауданының прокуроры  Дулат Жақсыбайұлы заң аясында жүргізушілердің көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Комиссия мүшелері кездесуде айтылған мәселелер бойынша жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жүргізушілердің жалақылары әлдеқайда көтерілген. Қазіргі уақытта әр жүргізуші кем дегенде 15 күнде 200 мың теңге жалақы айлық алатыны белгілі болды.
Үшжақты комиссияның рөлі мен қызметі – еңбек қатынастарын реттеу кезінде айрықша көрініс табады. Қолданыстағы Еңбек кодексінде көптеген еңбек қатынастары жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өзара келісу және ымыраға келу арқылы шешілуі қарастырылған және бұл келісім мекеменің, кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында белгіленеді.