Үшжақты комиссия отырысы Сырдария ауданында өтті

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия мүшелері қатысуымен Сырдария ауданында комиссия отырысы өтті.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамасымен аудандарда ұйымдастырылған комиссия отырыстарында жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмыскерлердің еңбек қатынастары меселелері талқылануда.

​ Сырдария ауданында жыл басынан ұйымдарда себепсіз жұмыстан босату, еңбек қызметімен байланысты жазатайым жағдайға ұшырау жағдайлары тіркелмеген. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі ақпараттық нысанында аудан бойынша 89 кәсіпорын 1639 еңбек шартын тіркеген. Бұл туралы комиссия отырысында Жалағаш аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мәлімет берді.

«Меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыскерлердің құқықтары сақталуы мен оларды әлеуметтік қолдау мәселелерін қарастыратын ​ Ұжымдық шарттың болуы маңызды, біз осы бағытта әлеуметтік әріптестермен бірлесе жұмыс жүргізуге ынталымыз. Еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтарға үлкен жауапкершілік артылады, бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Кәсіподақтар федерациясының 2020 жылы өткен 26 съезі делегаттарына жолдаған хатында айтып өткен болатын.

Еңбек дауларын шешу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайларын жақсарту бойынша заңнамалық өзгерістер мен толықтыруларға ұсыным жасау – кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыты. Бұл тұрғыда Үкіметке, тиісті салалық Министрліктерге ұсыныстар жолданып, бірқатары қолдау табуда. Біз ұсынымдар мен ортақ пікірлерді одан әрі жетілдіре береміз, ​ сол үшін де әлеуметтік әріптестермен жергілікті жердегі еңбек қатынастары мәселелерін қарастыру мақсатында аудандарда комиссия отырыстары өтуде», – дейді аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов.

Әлеуметтік әріптестер қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерінде бірлесе қызмет​ жасау туралы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.