Атырау қаласында облыс әкімдігі, жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен облыстық үшжақты комиссиянының ІІ-ші отырысы өткізілді.
Отырыс барысында облыста туындаған ұжымдық еңбек даулары бойынша мәселелер қаралып, компания басшылары тыңдалды.
Ағымдағы 6 сәуір күні «Атыраунефтемаш» ЖШС-нің 39 жұмысшысы сағаттық еңбек ақы төлеу жүйесінен жұмыс көлеміне қарай ақы төлеу жүйесіне көшуге қарсылық білдіру, кәсіпорынның жалақы бойынша берешегін өтеу бойынша наразылық шарасын өткізген болатын.
2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының жүргізушілері аутсорсинг арқылы «Gold Sanray» ЖШС-нің ауыстырылған, бес жыл бойы жұмысшылар үшін бұрын зауытта алып жүрген әлеуметтік қолдау шаралары сақталып келген, ал биылдан бастап «Gold Sanray» ЖШС-нің зауыт жариялаған тендерді ұтып алып мердігер дәрежесіне ие болғаннан кейін қосымша ақылар алынып тасталған, демек еңбек жағдайлары да өзгерген.
«China National Chimical Enginiring CO, ЛТД» филиалында бірдей қызмет атқаратын шетелдік жұмысшылары мен қазақстандық жұмысшылары арасындағы еңбек ақы төлеудегі айырмашылық анықталған.
Сөз кезегінде Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов компания басшыларына ұжымдық еңбек даулары туындауына себеп болатын жағдайларды алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескертті, еңбек жағдайларын өзгерту жоспарланған кезде бір-екі ай бұрын жұмысшылар арасында түсіндіру жүргізілген жағдайда, бұндай шиеленістер болмайтыны атап өтті.
Комиссия қорытындысымен аталған компания басшыларына еңбек дауларының туындауына негіз болған жағдайларды тез арада шешуге бағытталған шараларды қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жедел тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – әлеуметтік әріптeстік бойынша облыстық үшжақты келісімге қол қою рәсімі өткізілді.
Атырау облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үшжақты келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісімге облыс әкімдігі тарапынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, жұмысшылар бірлестігінің атынан Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов және Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер Одағының директоры Әйгерім Сабралиева қол қойды.
Облыстық келісімнің негізгі айырмашылықтары мен өзгерістері – тараптардың еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтылуын және жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін белгілеу жөніндегі міндеттемелері енгізіліп, облыстық үшжақты комиссияның жұмысын жаңғырту болып табылады.
Бұл құжатта жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудегі бірыңғай шоғырланған тәсілдері көрсетілген. Соның ішінде кәсіпорындарда еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, қауіпсіздік және еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік әріптeстік институтын күшейту мәселелері бойынша маңызды тұстары бар. Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен жұмыс берушілер одағымен бірлесе отырып жалақыны жыл сайын индекстеу мәселесін қарап, өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау шараларын жалғастырып қоғамдық бақылауды күшейтетін болады.
Сөз кезегінде І.Баймұханов: «Бүгінгі өңірлік үшжақты келісімнің қол қойылуы – бұл әлеуметтік серіктестердің туындайтын мәселелерді келіссөздер арқылы өзара шешу ниетін меңзейді. Мен барлық әлеуметтік әріптестерімді, жұмыс берушілерді жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауда жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жаңа облыстық келісімді тиімді жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын», – деді.