Еңбеккер бейнесінде – тәжірибелі мұғалім Жеңіс Тәтебаева

Өз кәсібінің майталманы, аяулы ұстаз, тәжірибелі мамандардың бірі – Ойыл ауданы, Саға мектеп-балабақшасының бастауыш сынып мұғалімі Тәтебаева Жеңіс Кәдірғалиқызы.

Жеңіс Кәдірғалиқызы – жас ұрпақтың сәулеткері, ата-аналар өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Ол сол сенімді ақтай отырып, зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.

Жеңіс Кәдірғалиқызы 1967 жылы 9 мамырда Ойыл ауданына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, өзі түлеп ұшқан Саға мектеп-балабақшасына келіп, міне, осы жерде өзінің педагогикалық еңбек жолын бастап, бір жерде 34 жыл еңбек етуде.

Ол – білім саласында болып жатқан реформаларды жатсынбай қабылдап, заман талабына сай шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, қолына қалам алғызып, әріп тануына зор үлес қосты. Әлі әріп танымайтын, мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыларды құшақ жая қарсы алып, сауаттандырып, жол көрсетіп орта буынға шығарып салып келеді.

Сонымен қатар, Жеңіс Кәдірғалиқызы мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандардың сүйікті тәлімгері.

Жеңіс Кәдірғалиқызының елеулі еңбегінің дәлелі – педагогикалық еңбек жолында жеткен жетістіктері. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған оқушылар бірнеше жылдан бері облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алып келеді. Бастауыш сынып бүлдіршіндері Х Республикалық «Жас зерттеуші», «Бастау» математикалық олимпиадасы, Халықаралық «Пони» байқауына белсене қатысып, жүлдегер атанып жүр.