Павлодар облысында 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісімге қол қойылды

2021 жылғы 9 сәуірде Павлодар облысында Павлодар облысының әкімдігі, «Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және «Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің (кәсіпкерлер) ұлттық конфедерациясы» арасында 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылды.

Тараптар еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша қызметкерлердің (қызметкерлер өкілдерінің), жұмыс берушілердің (жұмыс берушілер өкілдерінің), мемлекеттік органдардың мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдауға уағдаласты.

Облыстық келісімде қызметкерлердің жалақысы төмен санаттарының жалақысын арттыруға, олардың жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеуге; «Жас кәсіпкер» жастар кәсіпкерлігін дамытуға ықпал етуге; мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге; жұмысшы кәсіптерін танымал етуді күшейтуге; шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау арқылы ішкі еңбек нарығын қорғау бойынша шаралар қабылдауға; жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға ықпал етуге; жұмыс берушілердің қысқартылатын қызметкерлерді жұмыс берушінің құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын (ұйым ішінде) заңды тұлғаларға (филиалдар, өкілдіктер және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелер) ұқсас лауазым, тиісті біліктілік, мамандық немесе кәсіп, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны мен сапасы бойынша бар бос жұмыс орындарына ауыстыруды қамтамасыз етуге; тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыруда жұмыс берушілерді хабардар етуге және көмек көрсетуге; жұмыс берушілердің ұйымдарды қайта құрылымдау процесінде қызметкерлердің жаппай босатылуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға; еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын белгілеуге міндеттемелер қабылданды.

Кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге қатысуға қосымша міндеттеме қабылдады.

Облыстық келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде облыстық комиссияның отырысында бекітіле отырып, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.

«Өңірлік келісім жобасымен сындарлы диалогта әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары жұмыс істеді. Нәтижесінде әлеуметтік әріптестіктің әрбір Тарабы облыстық келісім шарттарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша жауапты келісілген шараларды қабылдады», – деп атап өтті Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Н. Айтжанова.