Бірлігі жарасқан берекелі бастауыш кәсіподақ ұйымы

Алға ауданы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына қарасты Маржанбұлақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы ұзақ жылдардан бері кәсіподақ мүшелеріне өз қамқорлығы мен қолдауын көрсетіп келеді. Кәсіподақ ұйымына – білім ұясында еңбек ететін 100-ден астам педагог пен кіші қызметкер мүше. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін Ақдидар Мендалина атқарып келеді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Пандемия кезінде кәсіподақ ұйымы мектеп ұжымына жан-жақты қолдау көрсетті. Атап айтсақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында азық-түлік себеттері жеткізілді, кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын нығайтып, еңбекке деген ынтасын арттыру мақсатында шипажайларға жолдамалар берілді, денсаулығында ақауы бар кәсіподақ мүшелерінің балаларына қамқорлық көрсету мақсатында жаңа жылдық сыйлықтар, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін арттыру мақсатында түрлі сыйақылар мен материалдық көмектер берілді. Білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарды алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапаттау дәстүрге айналған.

«Біздің басты мақсатымыз – кәсіподақ жұмысын бүгінгі уақыт пен заман талабына сай ұйымдастырып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге атсалысу, құқығын қорғап, ұжымдағы еңбек заңдылығының бұзылмауын қадағалау», – дейді бастауыш ұйым жетекшісі.