Жас келсе – іске

Облыс әкімдігі аппаратының бас инспекторы Гүлмира Низарова — республикалық «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздарының бірі. Атаулы жылда қоғамдағы кәсіподақтар бейнесін өзгертіп, жастарды еңбек құндылығына баулу мақсатында қолға алынған жобаға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген ол аталған жобаның жастардың алға жылжуына тың серпін бергенін айтады.

— Кәсіподақ бұл жоба арқылы жастарға ерекше көңіл бөлетінін көрсетті. Негізгі мақсат — өзінің интеллектімен, дарынымен заманауи Қазақстанды құратын, еңбек саласының және жалпы елдің дамуына елеулі үлес қосатын адамдарды жұртшылыққа ұсыну болатын. Жоба бес бағыт бойынша жүзеге асырылады: лайықты еңбек жағдайлары, салауатты жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық, soft-skills дамыту, кәсіподақ ұйымдастырушысы. Осыған сүйене отырып, жеңімпаздардың, яғни біздің қатысуымызбен жұмыс жоспары жасалады. Сол жоспар бойынша жыл бойы жұмыс жасайтын боламыз. Жоба жеңімпазы ретінде алдымызда үлкен жауапкершілік пен міндет тұр. Енді біз республиканың еңбек елшілері ретінде әр еңбек адамының қоғамдағы рөлінің маңыздылығын арттырып, еңбек құқықтарының қорғалуы бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруымыз қажет, — дейді ол.