Мәртөктік мұғалім — «Еңбек Елшісі»

«30 Еңбек Елшісі» қатарына енген Бауыржан Мұстафин Мәртөк ауданындағы орта мектептердің бірінде мектеп директорының орынбасары болып қызмет атқарады.

Бүгінгі таңда ұлт болашағы жолында еңбектеніп жүрген Бауыржан енді білім беру саласында жүрген қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бағытында күш жұмсайтынын айтты.

— «30 Еңбек Елшісінің» жастарға арналған тың жоба екендігін түсінген соң, қатысуға ниет еттім. Биыл алғаш рет қолға алынып, ұйымдастырылған жоба — кәсіподақ жастары үшін әлеуметтік лифт болары анық. Жобаға еліміздің әр өңірінен 196 жас өтінім білдірген. Оның ішінен 156-сы қаралып, 30 жас жеңімпаз атанды. Өтініш берген кезде үміткердің еңбек саласында немесе кәсіподақ қызметінде белгілі бір жетістіктері мен елімізде кәсіподақ қызметін дамыту бойынша ұсыныстары болуы шарт болатын. Нәтижесі ойдағыдай. «Еңбек Елшісі» деп танылған 30 жастың қатарынан табылдым. Өте қуаныштымын. Әрине, бұл – үлкен міндет. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біздің «Еңбек елшісі» ретіндегі басты міндеттеріміздің бірі — жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Яғни, жұмысшы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс атқаратын боламыз, — дейді Бауыржан.