Сенім мен серпін сыйлаған жоба

«Еңбек Елшісі» атанған үшінші ақтөбеліктің есімі — Нұрсұлтан Исенғалиев. Елімізде азаттықтың ақ таңы атқан жылы дүние есігін ашқан ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс жасайды. Жұмысшы жастарды қолдап, еңбек құндылығын арттыруға бағытталған жаңа жобаның өзі секілді жастарға үлкен сенім мен серпін сыйлағынын айтады.

— Кәсіподақтар федерациясының жаңа жобасы — өте тың және болашағы бар жоба. Мақсаты мен міндеттерін көргеннен кейін, қатысуды жөн санадым. Жалпы, кәсіподақ жұмысының әрбір жұмыс жасайтын адам үшін маңызы зор ғой. Бірақ, оны кей жастарымыз түсіне бермейтін секілді. Біздің зауытта кәсіподақ жұмысы өте жоғары деңгейде жолға қойылған. Мұнда кәсіподақ жастардың еңбек құқықтары мен еңбек қауіпсіздігін қорғауда маңызды роль атқарады. Біз, кәсіподақтың жас белсенділері ретінде көптеген қайырымдылық шараларына да үлес қосамыз,— дейді Нұрсұлтан Исенғалиев.

Жоба жеңімпазы алдағы уақытта облыстан шыққан «Еңбек Елшісі» ретінде Кәсіподақтар федерациясымен бірлесе нақты жұмыстарды атқаруға ниетті.

Нұрсұлтан Исенғалиев — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. 2015 жылдан бастап «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында автокөлік цехында жұмыс жасап келеді. Өзінің бастамаларымен көптеген игі істердің басы-қасында жүрген ол еңбек жолын зауытта қарапайым жұмысшы болып бастаған. Кейін диспетчерлік қызметке ауысады. Қазір автокөлік пен механизмдердің жұмысы бойынша менеджер. 2018 жылдан бастап зауыттағы жастар кеңесін басқарады. Волонтерлікпен белсенді айналысады. Үнемі көңілді жүретін ол КВН ойнаудың шебері. ERG құрамасы сапында Мәскеу қаласында өткен корпоративтік көңілді тапқыштар ойындарында үздік атанған.