Ақтөбе облысы Темір ауданындағы мәдениет мекемелерінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еліміздің мәдениет саласын дамытуға қосып жатқан үлесі ерекше. Темірдегі мәдениет ошақтарының барлығында бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар. Олардың әлеуметтік әріптестермен бірлесе жұмыс жасауы – басты талап. Осы орайда Гүлзира Қалиеваның еңбегін атап өткен орынды.
Еңбек жолын Шұбарқұдық кентіндегі №4 қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 2005 жылдың тамыз айынан Темір аудандық мұражайына кіші ғылыми қызметкер қызметіне орналасқан. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап аудан әкімінің ұсынысымен Н.Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол өз жұмысында кәсіподақтармен тығыз байланыс орнатқан.
«Әрбір мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкердің еңбек құқығының қорғалуы, олардың лайықты жалақы алулары басты назарымызда», – дейді басшы.
Ауылдағы мәдениет мекемелерінің техникалық замануи жабдықтармен қамтамасыз етілуі, ондағы жұмысшылардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы, жалақыларын дер кезінде алулары –басшылықтың басты назарында. Темір аудандық мәдениет үйінің бастауыш кәісподақ ұйымына мүше әрбір жұмыскермен тікелей жұмыс жасалады. Оларың әр ізденуі, кәсіби тұрғыдан жетілуіне, өзара өнер ұжымдарымен тәжірибе алмасуларына бар мүмкіндік жасалған.
Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдениет үйі 1986 жылы 2 қатарлы типтік ғимарат болып ашылған. 300 орындықты көрермендер залы бар. Мәдениет үйіне қарасты 12 мәдени ошақ бар.
Мәдениет үйі мен оған қарасты ауылдық мәдени ошақтарда әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар атқарылып келеді. Осы мәдени көпшілік шаралардың ішінде тақырыптық кештер, әдеби-музыкалық кештер, театрландырылған көріністер, спорттық шаралар өткізілді.
Аудандық мәдениет үйінде аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және өнер саласына құштарлығын арттыру мақсатында «Аманат» жастар театры жұмыс жасайды. Театр құрамында 20 оқушы бар.
«Біз өз ұжымымыздағы бастауыш кәсіподақ мүшелеріне мейлінше жағдай жасауға ұмтыламыз», – дейді әлеуметтік әріптес.
«Біздің басты мақсатымыз – кәсіподақ жұмысын бүгінгі уақыт пен заман талабына сай ұйымдастырып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге атсалысу, құқығын қорғап, ұжымдағы еңбек заңдылығының бұзылмауын қадағалау», – дейді аудандық мәслихат депутаты, кәсіподақ жанашыры Гүлзира Қалиева.