Үшжақты комиссия отырысының нәтижесінде еңбек ұжымындағы жалақы мәселесі оң шешім тапты

Ағымдағы жылдың 19 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек аудандық әкімдігінің ғимаратында Бәйтерек ауданы әкімі жанындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша аудандық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Кездесуге Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Бауыржан Атауов қатысты.

Бас қосуда талқыланған негізгі мәселе – 2021 жылдың 9 сәуір күні БҚО еңбек инспекциясы басқармасына Чинарев кен орнында қызмет атқаратын «Болашақ Атырау» ЖШС-ның 52 қызметкерінен түскен еңбек ақыларын өсіру жөніндегі ұжымдық өтініш хаты аясында болды.

Толық тарқатар болсақ, еңбек ұжымының көтерген мәселелері:
– 2017 жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан төменгі жалақы;
– Вахталық режимде жұмыс істейтін кіші қызметкерлердің (еден жуушы, тазалықшы) арнайы қызметтік киімдермен қамтылмауы;
– Еңбек шартының бұзылуы, еңбек ақының дұрыс есептелмеуі, медициналық басымдықтардың іс жүзінде қолданыста болмауы.

Кездесу барысында кәсіподақтар орталығының өкілі – Бауыржан Атауов аталмыш бірлестіктің басшылығымен онлайн байланысу арқылы істің мән-жайымен танысты. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығына әлеуметтік шиеленістердің, еңбек дауларының алдын алу үшін мекемеде кәсіподақ ұйымын ашу ұсынысын білдіріп, ұжымдық шарттың рөлі туралы айтты.

Кездесу нәтижесінде вахталық режимде жұмыс жасайтын кіші қызметкерлердің жалақысын 17,5 пайызға, қалған жұмысшылардікін 7,5 пайызға өсірілетін және ұжымдық шарт жасалатын болып келісілді.