«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының ұжымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығындағы кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Кездесуге ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов, «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қызылорда облысы филиалының төрағасы Асылхан Абылайханұлы, Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Гүлайым Сейлханова және аталған орталықтағы Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Ақтаева қатысты.

Кездесуде  барысында Серік Сермағамбетов хабарлағандай, жалпы Қызылорда облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 12 салалық кәсіподақтар мен  1020 бастауыш кәсіподақ ұйымдары біріккен. Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы ұжымындағы Бастауыш ұйым «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ құрамында. Орталық  жұмыскерлерінің еңбек құқықтарын кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлмира Ақтаеваның жетекшілігімен бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенді түрде қорғап келеді.

Кездесуде мәлім болғандай, орталықтың 114 жылдық тарихы бар. 2019 жылдан бастап екі қызмет яғни  психиатриялық және наркологиялық қызметтер біріктірілген. Ұжымда  832 қызметкер жұмыс істейді. 58-і дәрігер, 34-і психолог, 358-і орта буын, 270-і кіші буын, 100- ге жуығы әкімшілік қызмкеткерлер. Олардың барлығы медициналық ұйым ашылған күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымына мүше. Ұйым 2018 жылдың шілдесінен «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ құрамына кірген.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы орталық басшылығымен әлеуметтік әріптестікте  жүзеге асырылады. Кәсіпорында 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт бар.

Коронавирус  өршіген кезеңде облыстық психикалық денсаулық орталығында «Сейхун» провизорлық стационары ашылып, 1 ай жұмыс істеген. Орталық осы уақыт аралығында 1000-ға жуық науқасты қабылдап, медициналық көмек көрсетті. Бас-аяғы екі күнде ашылған стационарда коронавируспен күреске  орталықтың 170 қызметкері тартылған.  «Коронавируспен күрестің алғы шебінде болып, күндіз-түні қажырлы еңбек еткен қызметкерлердің жағдайы ұдайы Бастауыш кәсіподақ ұйымының жіті бақылауына алынды» дейді,- Гүлмира Ақтаева. Оның сөзінше, коронавируспен күресуге тартылған медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төленген. Ал тізімге ілінбеген қызметкерлерге қаржылық қолдауды орталық өз тарапынан жасады. Қазіргі таңда оларды оңалту мәселесіне басымдық берілген. Осы мақсатта бірқатар қызметкерлер шипажайға жіберілген. Сонымен қатар, короновируспен күрес барысында көз жұмған екі қызметкердің отбасына қаржылай қолдау көрсетіліп келеді.

Еңбек ұжымын  толғандыратын басты көкейтесті мәселе жалақыға қатысты болды. Жалақы мөлшеріне әсіресе, кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персонал наразы. Бұны  «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қызылорда облысы филиалының төрағасы Асылхан Абылайханұлы да қуаттады.  Оның айтуынша,  қаңтар айында  медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы шамамен 20-30 %-ға  көтерілгенімен, кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персоналға өзгеріссіз қалған.  Әрі ол осы мәселені шешуге  федерация басшылығының ықпал етуін  сұрады.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Кәсіподақтар федерациясының медицина қызметкерлерінің мүдделерін қорғау жөніндегі бастамалары туралы айтып, кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персонал жалақысын көтеру күн тәртібінде тұрған мәселе екенін жеткізді. «Бұл Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықтық әлеуметтік қамту министрлігі  арқылы шешіледі.  Бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен осыған дейін болған кездесулерде тұрақты түрде көтерілетін осы мәселеге қатысты  құжаттарды біз жібердік. Қазір екі министрлік өз есептерін жүргізуде»,- деді ол.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан денсаулық сақтау қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салып жатқанын еске салып өтті. Атап айтқанда, эпидемияға қарсы іс-шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерін әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету  үшін ҚРКФ-ның Covid-19 коронавирустық инфекцияны жұқтыруды кәсіптік аурулар тізіміне енгізу туралы жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Әрі ҚРКФ-ның әлеуметтік әріптестер алдында еңбекақы төлеу мәселесін өткір қоятынын атап өтті.

Ұжым атынан сөз алған орталық қызметкері Салтанат Қалмұрзаева  Үкімет қаулысына сәйкес  барлық медицина қызмектерлері  еңбек демалысы, іс сапардан  қайтқанда ПТР сынамасын тапсыруы шарт. Оны өз қалтамыздан төлеп жатырмыз. Ақылы қызмет көрсету тоқтап тұрғандықтан,  оны орталық тарапынан тапсыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан ҚРКФ осы мәселені шешуге  ықпал етсе деген бұйымтайын жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев елдегі коронавирус инфекциясына қатысты жағдай былтыр медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында тұрақтандырылғанын айта келе, күн-түн демей әрбір науқастың өмірі үшін күрескен  сіздер   бейбіт күннің батырлары екендеріңізді  дәлелдедіңіздер. Сондықтан федерация атынан өздеріңізге коронавирус инфекциясымен күресте қосқан үлестеріңіз  үшін алғыс білдіремін деді.

Еске сала кетейік: ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы 2021 жылдың  Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялануына орай осы жылғы ақпан айында басталды. Акция ҚРКФ басшылығының, Парламент Мәжілісі депутаттарының, мүшелік  ұйымдар мен еңбек ұжымдарының өкілдерінің қатысуымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын виртуалды түрде аралауды көздейді. Мұндағы мақсат  әр бастауыш ұйымымен кездесіп,  өзекті мәселелерін анықтау, озық тәжірибелермен алмасу және аймақтық кәсіподақ белсенділеріне  қолдау көрсету.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы