Қызылордада облыс әкімі төрағалығымен үшжақты комиссия отырысы өтті

21 сәуір күні Қызылорда облысы әкімі Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Жыл басынан аймақ басшысы төрағалығымен өткен комиссияның кезекті екінші отырысы барысында облыстағы еңбек қарым-қатынастарының жағдайы, кәсіпорындардағы орын алған қысқартулар мен қабылданып жатқан еңбекпен қамту шаралары бойынша мәселелер талқыланды.

Жиында «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық мекемесінің 650 жұмыскері алдында жалақы қарызы қордаланғандығы туралы мәлімет берілді. Мекеменің жұмыскерлерге ағымдағы жылдың ақпан-сәуір айлары үшін жалақы қарызы 109 млн-ға жеткен. Сонымен қатар, «Қазалы су сервис» кәсіпорнында да жалақы қарызы бары анықталған.

«Қызылорда қаласының және Қазалы ауданының әкімдері облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы, облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, жалақының мерзімінде төленуін қатаң бақылауға алып, шиелініске жол бермеу бағытында жедел әрекет ету шараларын қабылдасын», – деп тапсырды аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Комиссия отырысында «Қуат Амлон Мұнай» БК ЖШС жұмыскерлерінің жұмыс берушіге жалақыны көтеру туралы қойған талаптарына сәйкес ұжымда қалыптасқан еңбек шиеленісі мәселесі қаралды. Мәселенің мән-жайын аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов, компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Айбек Әбдреев баяндады. Аталған мәселе бойынша компания басшылығына жұмыскерлердің жалақысын көтеру мәселесіне қатысты ұсыныс берілді.

«Облыстық еңбек саласындағы бақылау және индустриалды-инновациялық даму басқармалары «ҚуатАмлонМұнай» компаниясының ұжымындағы ахуалды бақылауда ұстап, нәтижесін хабарласын. Әрбір кәсіпорында адами капитал бірінші орында болу қажет. Жұмысшылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Серік Сүлейменов пен Нұрлан Тілешевке облыстағы кәсіпорын мен мекемелердегі еңбек ұжымындағы ахуалды қатаң бақылауда ұстауды жүктеймін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов облыс әкімі төрағалығымен 26 ақпанда өткен комиссия отырысының Хаттамасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ақпарат берді. Ақпаратта аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамасымен Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарында аудандық үшжақты комиссиялар мен облыстық үшжақты комиссияның бірлескен отырыстары өткендігі, онда кәсіпорындардағы ұжымдық шарттардың жасалуы мен оның сапасы бойынша жасалған ұсыныстар туралы айтылды. «Комиссия отырыстарында аудан көлемінде жұмыс жасап тұрған ірі және орта бизнес өкілдері арасындағы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерінде бірлесе қызмет жасау туралы облыстық кәсіподақтар орталығы, аудан әкімдігі және 9 ірі, орта кәсіпорын басшыларымен ынтымақтастық Меморандумдарына қол қойылды. Облыс көлемінде жұмыс берушілермен жасалып жатқан Меморандумдармен қоса Ұжымдық шарттардың жасалуы да қосымша қаралса деген ұсынысымыз бар», – деп атап өтті Серік Сермағамбетов.