Еңбеккер бейнесінде – Еңбек ардагері

“Кәсіподақ – жергілікті жердегі жан-жақты саланың қызметкерлерін ұйымдастырушы, олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаушы екені белгілі. Қазір бұл қозғалыстың тікелей басы-қасында жүрмесем де, белсенді ардагерімін” – дейді зейнеткер Күнсұлу Шаканаева.

Күнсұлу Шаканаева 1996-2018 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы, Қазталов аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарған. Кәсіподақ қозғалысындағы ерен еңбегі үшін 2004 жылы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық кәсіподағының “Құрмет” грамотасымен марапатталып, 2011 жылы және 2018 жылы, яғни екі мәрте республикалық кәсіподақ бірлестігінің төс белгісі табысталған. Аудандық білім беру бөлімінде физика-математика пәнінің әдіскері қызметін атқара жүріп, кәсіподақ жұмысын белсенді ұйымдастыра білген – Күнсұлу Шаканайқызы өз сөзінде:

– Кәсіподақ ұйымында жетекшілік еткен жылдарымда кәсіподақ мүшелерімен ашық кеңестер жиі өткізетін едім. Мен үшін жұмыстың ең басты негізі – ұжымдық шарт болды. Себебі, еңбек қатынастарындағы кез келген өзгеріс – ұжымдық шартпен көрініс табатын. Сол кездердің өзінде ұжымдық шарт үш рет өзгеріске ұшырады. Сондықтан еңбек қатынасындағы кез келген өзгерістерге ұжымдық шарттардың жылдам әсер беруін қадағалау – аса маңызды,- дейді.

Еңбек ардагері кәсіподақтар жұмысынан мүлдем қол үзбеген-ді. Қазіргі таңда, аудандық аналар кеңесінің төрайымы болып қызмет ететін қоғамдық белсенді кәсіподақ жұмыстарына да етене араласып, жас мамандарға, кәсіподақ мүшелеріне өзінің еңбек тәжірибесімен бөлісіп, кеңестерін айтып отырады.