Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов және облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Төреахмет Жолымбетов сұқбат берді.
Сұқбат барысында «Биылғы жылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы: дағдарысты алдын-ала болжау және оған дайын болу – еңбекті қорғаудың тиісті жүйелерін қазір инвестициялау деп бекітілді.Кәсіпорындардан жыл сайын қыруар қаражат жазатайым жағдайларға байланысты өтемақыға төленеді. Біздер кәсіподақтар жұмыс берушілердің осындай жағдайлардың алдын алуға қаражат жұмсауын, инвестицияны алдын алу шараларына салуды бастамалаймыз. Бұл әлдеқайда тиімді болар еді. Және ол бастысы адам өмірі мен денсаулығы үшін жұмсалған қаражат. Мысалы оған өндірістік-тұрмыстық жағдайды жақсарту, тиісті еңбек жағдайын ұйымдастыру, жұмыскерлердің денсаулығын оңалтуға атсалысу ұсынылады» деп атап өтті Серік Сермағамбетов.
Ақпарат алаңында облыс көлемінде кәсіподақ ұйымдарымен еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Облыста кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындарда 736 өндірістік кеңес құрылған және 758 кәсіподақтардан ұсынылған техникалық инспекторлар қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Аймақ кәсіподақтарымен еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесе қабылданған «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар және «Нөлдік жарақат» қағидасына біріктіру шаралары жүргізіліп келеді. Қазірде облыста нөлдік жарақат тұжырымдамасын 33 мекеме қабылдаған.
Сонымен қатар, ақпарат алаңында қойылған облыс көлеміндегі бірқатар мұнай компанияларында орын алған жалақыны көтеру мәселесі мен кәсіподақ ұйымдарындағы жиналатын жарнапұлдың жұмсалуы туралы сұрақтарға аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов жауап берді.