Кәсіподақтың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында екендігі баршаға мәлім.
Кез келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, олардың әрбір еңбекшінің құқықтары мен мүдделерін белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты.
«Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де кәсіподақ ұйымының жұмысы жылдық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ұжымдық келісім шарттар жасалып, ондағы көрсетілген шарттың орындалуы жиналыстар мен комитет отырыстарында қадағаланып отырылады.
Екі мәрте «Үздік ауыл мектебі» және «Үздік аула» атанған мектептегі кез-келген іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауымен өтеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мектептің осындай үлкен жетістіктерге жетіп отырғаны ұжымның береке-бірлігінің арқасы. «Жетекші мектеп» ретінде жаңартылған білім мазмұны бойынша өтетін аймақтық семинарлар, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетімен екі арадағы меморандум бойынша ұйымдастырылатын дәстүрлі аудандық олимпиадасы, Ауған соғысы ардагері А.Самратбековты еске алуға арналған аймақтық спорттық турнирлер, мектеп ұстаздарының көркем өнерпаздар байқауы, 100 адамдық домбырашылар флешмобы, «Жыл мұғалімі» сайысы, көгалдандыру жұмыстары және т.б. атаулы іс-шараларға кәсіподақ кеңесінен қаражат бөлініп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Мектепте талай жыл еңбек еткен ұжым мүшелерін зейнеткерлікке шығарып салуға арналған қызықты кештер кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өтеді. Кеште зейнет жасқа толушыны әріптестері, туыстары құттықтап, ән шашу жолданады. «Үлкенге құрмет» деген қағиданы ұстанған халықпыз ғой. Атаулы мерекелерде ардагер ұстаздарды құттықтап, сый-сыяпат жасалынады. Мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, Жаңа жыл мерекесі аталып өтеді және ұжым мүшелерінің балаларына сыйлықтар беріледі. Аянбай еңбек етіп жүрген ұжым мүшелері кәсіподақ ұйымының атынан берілген әртүрлі сауықтыру орындарына дем алуға жіберіледі. Олар «Мойылды», «Көктем», «Сарыағаш» тағы да басқа санаторийлерінде дем алып, ризашылықтарын білдіріп жатады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясынан да кәсіподақ ұйымы тысқары қалған жоқ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған ұжым мүшелере көмек көрсетіліп тұрады.
Салауатты өмір салтын сақтауды ұйымдастыруда спорттық жарыстар өткізіледі. Футбол, волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ және тағы да басқа спорт түрлерінің жеңімпаздарына сыйлықтар беріліп, марапатталынады.
Мектепке келген жас мамандарға кәсіподақ мүшесінің билеттері табыс етіледі. Кәсіподақ жанынан құрылған жастар ұйымы жоспарға сәйкес жұмыс жасап, жастар мектеп өміріне, ауыл өміріне де белсене араласады.
2011 жылдан бастап Аягөз ауданы бойынша атқару комитетінің шешімімен 15 сәуірде – Кіші қызметкерлер күні аталып өтеді. Мектептің тазалығын сақтап, жылумен, жарықпен қамтамасыз етіп отырған кіші қызметкерлердің еңбектері ерен.
Әлемді жайлаған пандемия кезінде де мектебіміздің бастауыш кәсіподақ ұйымы мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып қашықтықтан жұмыстар жасады. Әр мерекеде онлайн құттықтаулар, челлендждер ұйымдастырды.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Берекені мақсат тұтқан еліміз ешқашан мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. “Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік” қағидасын ұстанған елімізде айтулы шараны тағылымды деңгейде, тәрбиелік бағытта атап өту жоспарланған. Осы орайда біздің орта мектепте де «Бірлік – бақыт бастауы» атты тақырыпта ауқымды шаралар ұйымдастыру көзделуде.
Мектеп ұжымы мен оқушыларына тәуелсіздік жылдарында жеткен жарқын жетістіктер, көшбасшымыз тұңғыш Елбасының ерен ерлігін насихаттау – басты мақсат, мұратымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен басталып кетті. Жыл соңында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қортындылары жасалатын болады.