«CNEC» мұнай саласы компаниясында жалақы мәселесі көтерілуде

Қызылорда облысында мұнай компанияларының еңбек ұжымдарында орын алып жатқан наразылық жағдайлары барлық кәсіпорындарында еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері бойынша жұмыстарды өзектендіруді талап ететіндігін көрсетті.

Қазіргі таңда «CNEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек шиеленістерінің тәуекелдері байқалады. «CNEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақта мұнай саласындағы қызмет көрсету компаниясы, 196 жұмыскер жұмыс істейді. Кәсіпорында кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылдың 26 ақпанында құрылған, 144 жұмыскер кәсіподақ мүшесі.
Ағымдағы жылдың 1 мамыры күні «CNEC» мұнай саласы компаниясында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов және облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының маманы Нұрбек Жапақов қатысуымен жұмыскерлер өкілдерінің компания басшылығымен кездесуі өтті.

Бұған дейін компания жұмыскерлері атынан жұмыс берушіге жалақыны көтеру туралы хат жолданған. Онда жұмыскерлер барлық төлемдермен қоса алғандағы 60-70 мың теңгені құрайтын жалақыларын көтеруді талап еткен. Кездесу барысында компанияның басшылығы жалақыны 4 пайызға көтеру туралы шешімге келетіндіктерін жеткізді, дегенмен бұл шешіммен жұмыскерлер келіспеушіліктерін білдірді. Кездесуге қатысқан тараптарға еңбек заңнамалары бойынша түсіндірмелер жүргізіліп, компания басшылығына компанияның қаржылық мүмкіншілігін қайта қарап, жұмыскерлердің талаптары бойынша нақты шешімге келу туралы ұсыным жасалды. Бастауыш кәсіподақ ұйымындағы еңбек қатынастары мәселесі талқылануы бүгін аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде компания директорының орынбасары Кул Сарамен кездесуде жалғасты. Бірлестік төрағасы Серік Сермағамбетов компания басшылығы өкіліне жұмыскерлердің құқықтары мен әлеуметтік еңбек мүдделерін ескере келе, жалақы мәселесі бойынша компанияның шетелдік басшыларымен келіссөздер жүргізуді ұйымдастыру туралы ұсынысын білдірді.