Ағымдағы жылдың 5 мамыр күні БҚО, Шаған өзені жағасында «Айбар» жобасы аясында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысы бойынша «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ қарасты «Зенит» зауытында жасалған «Түркістан» шағын күзет кемесін суға түсіру рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі, зауыт басшылығы, кәсіподақ жетекшілері, ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасының басшысы қатысты.
Айта кетейік, «Зенит» зауытында құрастырылған 27-ші «Түркістан» шағын күзет кемесі еліміздің мемлекеттік шекарасының аймақтық тұтастығын және экономикалық мүдделерін қорғау, терроризм актілерін болдырмау, заңсыз тауар тасымалдаудың жолын кесу мақсатында жасақталған. Сондай-ақ заңсыз кеме қатынасын, контрабандалық операциялардың, қарақшылық және заңсыз балық аулаушылардың алдын алу мақсатында торуылдауға, заң бұзушы кемелерді ұстауға және тексеруге арналған.
«Зенит» зауыты 1993 жылдан бері жылма-жыл теңіз күзетіне арналған кемелер мен катерлерді жасап келеді. Каспий теңізінің дауылы мен толқынына төтеп бере алатын бұл кеменің жалпы су сыйымдығығы 70 тоннаға жуық болса, жүру жылдамдығы сағатына 70 шақырымды құрайды. Алдағы жылдары зауыт аталған кемеден де 10 есе үлкенін жасауды жоспарлауда. Бұған дейін де «Зенит» зауытынан шығарылған кемелер мен катерлер ҚР Әскери-теңіз күштерінде, Шекара әскерлері сапында өздерінің тиімділігін дәлелдеуде.
Аталмыш кеменің жасалып шығуына әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбегі зор. Бүгінгі күні «Зенит» АҚ қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымына 1129 адам мүше. ҚР ҰҚК Шекара қызметі басшылары «Түркістан» кемесін жасап шығарған «Зенит» зауыты ұжымына ризашылықтарын білдіріп, зауыт басшысы мен бірқатар жұмысшыларына алғысхаттар табыс етті.
Бұл уақыт аралығында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы мекеме қызметкерлерінің кеме жасау үрдісінде жұмысшылардың техникалық қауіпсіздігі мен еңбек қатынастарындағы құқықтарының, карантиндегі денсаулық жағдайларының жан-жақты қорғалуын қамтамасыз етіп, бақылау жасап отырды.