9-мамыр Ұлы Жеңіс күнінде Қарғалы аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы соғыс жылдары ерен еңбек үлгісін көрсеткен тыл ардагерлерін құттықтады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Дүйсенова және кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Байменшина зұлмат заманда елдің қамы үшін аянбай еңбек етіп, бейбіт күнде білім беру саласында қажырлы еңбек еткен ардагер ұстаздарға алғысын білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады. Олардың қатарында білім саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Бадамша орта мектебінің биология пәні мұғалімі Федоринова Анастасия Ивановна, бастауыш сынып мұғалімі Реймер Галина Николаевна, Велиховка негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Полтарева Мария Федотовна, балабақша қызметкері Избасарова Ольга Андреевна бар.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі үшін Қарғалы ауданының барлық педагог-азаматтары марапатқа ие болды. Ауған соғысының ардагері Ғ.Жүзбаевқа облыстық кәсіподақ ұйымының алғыс хаты мен шипажайға жолдама табыс етілді. Бес ұстаз облыстық кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен марапатталды. Жиырма кәсіподақ мүшесі аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен марапатына ие болды.