Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, өзінің бар уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнап, шәкірттерінің жетістікке жетуіне бірнеше мәрте септігін тигізіп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Шалқар аудандық оқушылар сарайының терме үйірмесінің жетекшісі Жылтырова Мейрамгүл Сәрсенқызы. Жалпы білім саласында 31 жыл бойы еңбек етіп келеді.
Мейрамгүл Сәрсенқызы – өз ісін жетік білетін тәжірибелі маман. Ол ізденімпаз, іскер, жаңашыл, өз ісіне ұқыпты жан, өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты, уақытында жауапкершілікпен орындайды. Әр оқушыны жете зерттеп, олардың шығармашылық қасиеттерін арттыра отырып, қабілеті жоғары оқушыларға аса көңіл бөледі. Оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық «Ғұмырдария», «Асыл мұра», «Бала – өмірдің гүлі», «Қазақстан таланттары» «Тарлан», «Ақбөбек» секілді т.б. шығармашылық байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Ұстаздың өзі де қоғамдық шараларда, біліктілігін, шығармашылығын шыңдау мақсатында түрлі шараларға белсене қатысады.
2019 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2007 жылы осы мекеме ашылған сәттен бастап, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, Ақтөбе облысының Білім кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Мейрамгүл Сәрсенқызы – шәкірттерін нұрға бөлейтін, өз жұмысына немқұрайлы қарамай, еңбекқорлығы мен білгірлігін жетілдіріп жүрген ұстаздардың бірі.