«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 жеңіс» акциясы аясында

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы ҚРКФ «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 жеңіс» акциясын қабылдайды.

30 жыл ішінде кәсіподақтар да еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды жеңе отырып, оның дамуында, Еңбек адамының мүддесін қорғауда кәсіподақ ұйымдары көп елеулі істер атқарып келеді. Соның бірі әрі бірегейі – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы көпке үлгі. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде атқарылған істері біраз.

Бүгінгі таңда кәсіподақ комитетінің құрамында 7364 кәсіподақ мүшелері бар. Бұл кәсіпорын қызметкерлерінің 100 %-ын құрайды. Оның жартысына жуығы 35 жасқа дейінгі жастар және 20 пайызға жуығы — әйел адамдар. 2018 жылы Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ ұйымы құрылған күнінен бастап өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтті.

Дөң кен-байыту комбинатының кәсіподақ комитетінің төрайымы Раушан Шаменқызы көптеген игі істердің басы-қасында жүр. Оның іскерлігі мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы арқасында еңбек ұжымында тұрақты түрде әлеуметтік, экономикалық, құқықтық бағыттарда жоспарлы іс-шаралар өткізіліп келеді.

Мысалы, жуырда еңбекті қорғау айлығында Дөң тау-кен байыту комбинатының негізгі цехтарынан «Молодежная» шахтасы бірінші орын, Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахта екінші, ал кәсіпорынның кендерді байыту және кесектеу фабрикасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Жүрекжарды сөздерге толы хаттар, ерекше эмоция қалдырған бейнероликтер кез-келген жұмысшыны ойлантпай қоймайды. Бұл еңбектердің астары «ата-анам жұмыста қауіпсіз жүріп, бізбен бірге болсыншы» деген әр баланың тілегін көрсетеді. Тіпті, жүректен шыққан үндерін аудиомен жіберген қатысушылар да болды.

Осылайша Дөң кен байыту комбинатының бастауыш ұйымы игі бастамаларды өте жақсы ұйымдастыра біледі. Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай жылдағы дәстүрмен тыл ардагерлерін сыйлықтармен құттықтап барды. Комбинаттың кәсіподақ комитеті мен Жастар кеңесі ардагерлерге азық-түлік жиынтықтары мен Жеңіс белгісін табыстады. Мереке қарсаңында 60 адамға сыйлық тарту етілді.

Комбинаттың кеншілер үйі бар. Жыл сайын оның материалдық базасы да нығайып келеді. Ол – тек кеншілер емес, барлық Хромтау қаласының тұрғындары үшін негізгі мәдени демалыс орны. Мәдениет үйінде хореграфиялық студия, үйірмелер, 3 жылдық тәрбие курсы бар. Онда балалар ағылшын, қазақ тілдерін терең меңгере алады. Сонымен қатар жастар кеңесімен де кәсіподақ тығыз бірлесе жұмыс жасайды. Мәдениет үйі жанынан жас отбасыларға арналған «Отбасы клубы» жұмыс жасайды. Онда жастарды отбасы құндылықтарын сақтауға тәрбиелейтін жан-жақты қолдау жасалады. Түрлі мәдени сайыстар, кештер, байқаулар, жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Комбинат кәсіподағы салауатты өмір салтын дамытуға да ерекше көңіл бөледі. Комбинаттың дене шынықтыру сауықтыру кешені бар.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда өз лагері бар. Онда жан-жақты мүмкіндік жасалған.