Ұлағатты ұстаздар әулеті

Мұғалжар ауданында мұғалімдікті міндет тұтқан шаңырақ бар. Әулеттегі алғашқы ұстаз – Шолтаев Талмырза Әкішұлы.

Талмырза Әкішұлы 1931 жылы Мұғалжар ауданына қарасты Басшилі ауылында дүниеге келген. 1947 жылы 7 жылдық Ащысай мектебін үздік аяқтап, оқуын Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте жалғастырады. 1949-1951 жылдары Ащысай мектебінде мұғалім болды. 1951-1955 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында оқып, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді.

1955-1957 жылдары Родник ауылындағы Буденный атындағы мектепте математика пәні мұғалімі, 1957-1966 жылдары Ломоносов атындағы мектепте мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, 1966 – 1978 жылдары мектеп директоры қызметін атқарды. Кейін Жданов орта мектебінің директоры, Егіндібұлақ селолық округінің халық депутаттарының төрағасы қыметін атқарды. 1984 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Миялыкөл негізгі мектебіне басшылық етті.

Талмырза Әкішұлы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Отличник просвещения СССР» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Математика саласы бойынша көптеген әдістемелік жинақтары жарық көрді. Шәкірттері Қазақстанның барлық аймағында қызмет етуде.

Зайыбы Күлпаш Дошанова да педагог. Бастауыш сынып мұғалімі еңбек жолын 1955 жылы Буденный атындағы мектептен бастаған. Әр жылдары Жданов атындағы мектепте, Миялыкөл негізгі мектебінде қызмет етті.

Ұстаздықты үлгі тұтқан Шолтаевтар шаңырағы 9 бала тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінге ата-анасының ізгі жолын жалғастырып келеді. Мәселен, үлкен қызы Күланда Шолтаева орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандағын таңдап, Жұрын ауылындағы орта мектепте ұстаздық етіп, кейін Құмжарған орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2009 -2012 жылдары Құмжарған ауылдық округінің әкімі болып сайланып, ауыл- аймақтың көркейіп дамуына үлес қосты. Одан соң Құмжарған орта мектебінің директоры қызметін атқарды.

Екінші қызы Жанна Шолтаева алғашқыда медицинаға бет бұрған. Бірақ кейін әке жолын қуып, Орал қаласындағы пединституттың химия-биология пәндерінің факультетіне түседі. Институтты қызыл дипломмен аяқтап , ұстаздық еңбекке араласады.

Үшінші қызы Нұргүл Шолтаева да мұғалім. 1985 жылы Ақтөбе педагогикалык училищесіне оқуға түсіп,1989 жылы бастауыш класс мұғалімі мамандығын алады. Мұғалжар ауданындағы Новогодний орта мектебінде жұмыс жасайды.1998 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетін орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын бойынша бітіреді.Бүгінгі таңда №33 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Ұлы Ерлан Шолтаев – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын 1998 жылы Мұғалжар ауданы Ембі қалалық №1 орта мектебінде мұғалім болып бастады. Кейін әртүрлі білім беру ұйымдарында директордың орынбасары, директор болып еңбек етті.

Шолтаевтар әулетінің келіндері де ата кәсіпті өздеріне нәсіп еткен. Осылайша, бір бәйтеректен жайылған жапырақ – бір әулеттің ұрпақтары, білім бағбандары талай буынның санасына білім мен тәрбие дәнін септі. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жүрген ұлт ұстындары – көпке үлгі.