Елорданың әлеуметтік әріптестері жаңа үшжақты келісімді қабылдады

2021 жылғы 17 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Кәсіподақтар орталығы және жұмыс берушілер өкілдері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы қалалық келісімге қол қойылды.

Құжатқа әкімнің орынбасары Нұрлан Солтамбеков, Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) Ұлттық Конфедерациясының өкілі Нелли Твердовская қол қойды.

Қалалық келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің негізгі ережелеріне негізделген.

Келісім шеңберінде әлеуметтік әріптестер әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Тараптар жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсарту, еңбек құқықтарын толыққанды іске асыру үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, оларды шешудің қолданыстағы тәртібін жетілдіру, сондай-ақ қала ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу тәжірибесін дамыту саласында күш-жігерді біріктіруге ниет білдіреді.

Сонымен қатар, қалалық келісімге алғаш рет қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру; өндірістік кеңестің мүшелері, оның ішінде ұйымдарда еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқытуды ұйымдастыру енгізілді.

Келісімнің жаңа ережелерінің ішінде әлеуметтік әріптестер ұжымдық шарттарға немесе жұмыс берушілердің актілеріне инфляцияны ескере отырып, жұмысшылардың жалақысын жыл сайынғы индекстеу нормаларын қосу бойынша бірлескен қадамдар жасауды атап өтті.

ГОСТ 12.0.230-2007 мемлекетаралық стандартын ескере отырып, ұйымдарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін құруды және енгізуді көздейтін нормалар да әлеуметтік әріптестік тұрғысынан маңызды жаңалық болып табылады.

Келісімге қол қою қорытындысы бойынша тараптар оны іске асыруға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.