«Еңбек жолы» республикалық конкурсының Қызылорда қалалық кезеңі өтуде

Қызылорда қалалық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынға комиссия құрамындағы кәсіподақ өкілдері де қатысты.

Комиссия отырысында қала бойынша кәсіпорындар мен мекемелермен қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық Меморандумдарына отыру жұмыстары барысы талқыланды.

Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Қиясова хабарламасы мәліметі бойынша Қызылорда қаласында 755 ұйымға ынтымақтастық меморандумы ұсынылған, қазірде оның 199 –мен меморандумға қол қойылған, 494 ұйыммен жұмыстар жүргізілуде.

Күн тәртібінде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Парыз-2021» конкурсы мен «Еңбек жолы» конкурсына тапсырылған құжаттар бойынша ақпарат берілді. Комиссия «Еңбек жолы» республикалық конкурсының Қызылорда қалалық кезеңіне құжат тапсырған 20 үміткердің құжаттарын талдады. Қалалық кезеңде үздік деп танылған үміткерлер республикалық конкурстың Қызылорда облыстық кезеңіне қатысуға жолдама алады.