Мәдениет саласының үздігі атанған салалық кәсіподақ ұйымы жетекшісінің фотосуреті мұражай көрмесіне қойылды

2021 жылдың 18 мамыр күні Халықаралық музейлер күніне орай Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің жетекшілігімен «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты ашық есік күні ұйымдастырылды. Шара аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан мұражайдың 185 жылдығына, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Батыс Қазақстан облысынан шыққан қазақтың атақшы күйші композиторы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған көрмелердің салтанатты ашылу шарасы өткізілді. Аталмыш шараға БҚО мәдениет басқармасының басшысы  Сайран Дүйсенов, БҚО салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы  Айдар Батырханов , сондай-ақ мұражайда 30 жылға жуық қызмет еткен ардагер Сара Танабаева және мұражай қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Мұражайдың 185 жылдығына орай ашылған көрмеге БҚО салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, 2014 жылдары облыстық музейде директор қызметін атқарған, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері  Айдар Тапашұлы Батырхановтың фотосуреті мен жетістіктері қойылған. Ашылу салтанатында кәсіподақ жетекшісі сөз алып, өзінің құттықтау-тілегін жолдады.

Сонымен қатар, күні бойы жалғасқан көрмелердің презентациялық ашылу шарасына облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері де қатысып, көрмедегі құнды жәдігерлермен танысып қайтты.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінде 200 жуық тарихи жәдігерлердің түпнұсқасы сақталған. Аталмыш еңбек ұжымында 200-ге жуық қызметкерлер бар, олардың барлығы да кәсіподақ комитетіне мүше.