Кәсіподақ өкілдері кәсіби мерекемен құттықтады

21 мамыр – «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға “Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша төрағасы Бастарбек Пірімбетов және Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Руслан Шерімов, мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

“21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні” – халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн. Бұл – қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр жəне опера əртісінің, өңірлерлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғыс айтатын кəсіби мереке.

Мерекелік жиында сөз алған “Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі:
«Қай елді болса да танытатын тілі, мәдениеті спорты. Оның ішінде мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Мәдениеті дамыған елдің еңсесі де биік болады.
Қымбатты мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Өңіріміздің өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың мерейін көтеріп жүрген сіздерге айтар алғысымыз көп. Киелі өнер жолында облысымызды ел-жұртқа танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген баршаңызға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!», – деді Бердіғали Жәмшитұлы.

Салтанатты жиын барысында өңіріміздің бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан мәдениет қызметкерлері мен ардагерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің “Мәдениет саласының үздігі”, “Мәдениет майталманы” медалі мен “Құрмет грамоталары” табысталды.