Кәсіподақ төрағасы тікелей эфирде сұхбат берді

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков «ANTIKOR-LIVE» бағдарламасында тікелей эфирде сұхбат берді. Ерқозы Тілеуханұлы сұхбат барысында өзі басқарып отырған ұйымның негізгі қызметтері мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Кәсіподақ төрағасы өз сөзінде:
“Жалпы, кәсіподақ ұйымы іс жүзінде жұмысшылардың мүддесін қорғайтын бірден-бір орын екенін өзіңіз де айтып өттіңіз. Біз ең алдымен Серіктестіктегі еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстаймыз. Бүгінгі таңда жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері толықтай шешімін тапқан деуге болады. Айлық жалақылары сәйкесінше төленіп, өндірістегі жағдайлары тиісті мамандар арқылы жедел түрде шешіледі. Жалпы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіп одағының Шымкент филиалы тікелей медицина қызметкерлерімен жұмыстарды атқарамыз. Егер арыз түсіп жатса, бірде-бір арыз қараусыз қалмайды. Қазіргі таңда мәселелерімізді ашық түрде медицина мекемелері басшыларының алдына қойып, оларды шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеміз деуге толық негіз бар. Яғни, әлеуметтік серіктестік жағдайында жұмыс жасау деңгейіне қол жеткіздік. Кез келген мәселені дау шығарып, шу көтеруге апармай-ақ, үстел басында отырып шешуге қол жеткіздік. Мәселен, Шымкент қаласында Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырыстары өтеді. Биылдың өзінде 3 рет өткізілді. Өткен жылы 4 рет өткізілді. Бір жағы мемлекеттік орган – әкімшілік-еңбек инспекциясы, екінші кәсіподақ, үшінші Жұмыс берішушілер конфедерациясы” – деді Ерқозы Тілеуханұлы.

Сондай-ақ, Ерқозы Тілеуханұлы Медицина қызметкерлерінің демалысын ұйымдастыру бойынша былтыр пандемия кезінде алдыңғы шепте болған, коронавирус індетін жұқтырғандарды емдеп, өз денсаулықтарын қатерге тіккен 25 медицина қызметкеріне емдік-сауықтыру мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының құрамындағы санаторийлерге 50 пайыздық жеңілдікпен жолдамалар табысталғанын, бұдан бөлек, өткен жылы 5 миллион 300 мың теңгені құраған 130 медицина қызметкеріне 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийге жолдама берілгенін, ал, биылдың өзінде 1 миллион 700 мың теңгені құраған 38 медицина қызметкеріне 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийге жолдама берілгенін жеткізді.

Сонымен қатар, Ерқозы Тілеуханұлының мәлімдеуінше, өткен жылы «Біз біргеміз!» акциясы аясында күндіз-түні еңбек еткен 12 блок-посттың 160 медицина қызметкеріне ас-ауқат үлестіріп берілген. Шараға жалпы 418 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Бұған қоса, кәсіподақ тарапынан 3 бірдей медицина мекемесіне қаржылай қолдау көрсетілген. Шымкент қалалық №2 көпсалалы ауруханасына 200 000 теңге, “ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталыққа” 300 000 теңге, сондай-ақ, қалалық Жедел жәрдем станциясына 200 000 теңгелік сертификат табысталған.

Былтыр «Оңтүстік» медицина қызметкерлері Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе дертке шалдыққан азаматтарды емдеймін деп жүріп, өздері коронавирус індетінен көз жұмған медицина қызметкерлерінің туыстарына арнайы төсбелгілер табысталды. Шымкент қаласы және Түркістан облысынан коронавирустан 50-ден астам медицина қызметкері мерт болған еді.

Мақтааралда су басқан кезде де шетте қалмай Өзбекстан мен Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы бірлесе 66 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында тұрмысы төмен 10 медицина қызметкеріне 50000 теңгенің қайырымдылық сертификатын табысталды.

№1 және №2 емхананың күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты 250 мың теңгенің құнын құрайтын бір-бір теледидардан сыйлық ретінде табысталған.

Ал, “12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні” мерекесіне орай қалалық ауруханалар мен емханаларда еңбек етіп жүрген бір топ медицина қызметкерлеріне «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігі атынан төсбелгілер және “Құрмет грамотасы” мен “Алғыс хаттар”, бағалы сыйлықтар табысталды.

Бұдан басқа, мереке қарсаңында Шымкент жоғары медицина колледжінде «Мейірбике ісінің үздігі» қалалық кәсіптік сайысының өткізілуіне кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, сайысқа 24 медицина ұйымдарынан 44 қызметкер қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.