Кәсіподақ өкілдері «Парыз» және «Еңбек жолы» республикалық байқаулары бойынша онлайн конференцияға қатысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасовтың төрағалығымен жергілікті атқарушы органдардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” конкурсын және үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындауға бағытталған “Еңбек жолы” конкурсын ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды талқылау мақсатында онлайн конференция өтті.

Онлайн конференцияға кәсіподақтар тарапынан “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, төраға орынбасары Данияр Кирбасов қатысты.

Айта кетейік, елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасындағы «Еңбек жолы» байқауларына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды.

“Еңбек жолы” конкурсына кәсiпорындардың (саласына қарамастан) барлық қызметкерлерi қатыса алады. Конкурс «Үздiк еңбек әулетi», «Өндiрiстiң үздiк жас қызметкерi», «Жұмысшы жастардың үздiк тәлiмгерi» номинацияларынан тұрады. «Үздiк еңбек әулетi» — ең ұзақ еңбек өтiлi, ең көп марапаттары бар ең үлкен әулет таңдалады. «Өндiрiстiң үздiк жас қызметкерi» — өндiрiстiң еңбек өтiлi 5 жылдан аспайтын ең белсендi және еңбекқор қызметкерi таңдалады. «Жұмысшы жастардың үздiк тәлiмгерi» — кемiнде 20 жыл жұмыс өтiлi бар ең белсендi және тиiмдi тәлiмгер таңдалады.

Конкурстың әр номинация бойынша жеңiмпаздарды ақшалай марапаттау мақсатында 1 орынға — 1 000 000 (бiр миллион) теңге, 2 орынға — 500 000 (бес жүз мың) теңге, 3 орынға — 200 000 (екi жүз мың) теңге мөлшерiнде сертификаттар берiледi.