«Менің бастауыш ұйымыма 30 жыл – біз мықтымыз, өйткені біз біргеміз!»

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың бастауыш кәсіподақ ұйымы Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің құрамында. Яғни мекемеде кәсіподақ құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Кітапханада жалпы 57 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы да кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы – Сейілхан Жарынбетов.

Кітапхананың статусы қалалық болса да, аудандардағы көз мүгедектерін арнайы кітаптармен қамту мақсатында аудандық кітапхана нүктелерімен келісім-шарт жасалып, қызметтер атқаруда.

Стационардан тыс қызмет көрсету секторы жұмыс атқарады. Аудандарға келісім-шарт арқылы жұмыс жүргізсе, қаладағы кітапханаға келе алмайтын оқырмандарға үйіне кітап апарып, ауыстырып отырады.

Зағип оқырмандардың сұраныстарын орындау мақсатында, арнайы кітаптарды толықтыру аясында 2 бөлім жұмыс жасайды. Оның бірі – Дыбысталынған кітаптардың дыбыс жазу студиясы. Бөлімде кітаптар дыбысталынып және катушкалы ленталардан кітаптарды цифрлау жұмыстары жүргізіледі. Екінші бөлім – Брайль басылымдарын шығаратын баспа бөлімі. Тоқсан сайын шығарылатын «Удивительное рядом», «Спектр», «Ғажайып әлем» ғылыми-көпшілік брайль журналына оқырман сұранысы жоғары.

Арнайы кітапхананың интеграциялық қызмет көрсетудің тиімді және жан-жақты жолдары дамып келеді: әлеуметтік сауықтыру, ақпарат тарату және өзара қарым-қатынасты нығайтуда; Зағип оқырмандар үшін ақпараттар алуға бейімделген технологияларды ендіруде; мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпарат желісіндегі мүмкіндіктері: мұқтаждық, қиындық, болашаққа талпыну; арнайы кітапхана қорын тасымалдау құралдарымен толықтыру, құндылығын арттыру, сақтау, пайдалану; «брайльша» және «сөйлейтін» басылымдардың рөлі артуда; зағип қызметкерлерге автоматтандырылған жұмыс орны ұйымдастырылған.

КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабына Тұңғыш зағип тележүргізуші ретінде енген кітапханашы Ербек Бакиев те Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың қызметкері.

Бұған дейін Ербек Бакиев тағдырдың жіберген сынағына мойымай, қарсы тұра білетін, көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі екенін жазғанбыз.

Кәсіподақ ұйымы қызметкерлер мен көп жылдар бойы осы салада жұмыс істеген еңбек ардагерлеріне үнемі қолдау көрсетеді.