Ұстаздың тағылымын тап басып таныған қоғам және мемлекет қайраткері Алтыншаш Жағанова: «Қазақ ұлтының білімі мен ғылымының шежірелі арнасына жіті көз жіберсек, дара дарын мен тума таланттар, айқын көзқарас пен ұлағатты қолтаңбалар, рухани-адамгершілік парқымен өшпес із қалдырған тау тұлғалар көп», – дейді. Өзінің жасампаздығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында, ұрпақ тәрбиесі жолында сүбелі істер атқарған ардагер ұстаздардың бірі – Махмутова Өзипа Мәжитқызы.
Өзипа Мәжитқызы 1954 жылы Алға ауданына қарасты Көлтабан елдімекенінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1972 жылы орта мектепті бітірген соң, өзі оқыған мектепте ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жас қызды мектеп директоры мектеп жанындағы интернатқа тәрбиешілік қызметке қалдырған.
Кейін Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетінде жоғары білім алып, Алға ауданының Ильинка орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып еңбек жолын жалғастырды.
Кейінгі жылдары Құрашасай орыс мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырды.
1990 жылдан бастап Құрашасай ауылында ата-аналарға қазақ мектебін ашу керек екенін түсіндіріп, үгіт-насихат жүргізіп, қазақ балаларын жинап, қазақ мектебінің ашылуына үлес қосты.
Еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында 1991 жылы алғашқы қазақ сыныбы ашылып, қазір 30 жыл болған Құрашасай қазақ орта мектебінің негізін қалауға атсалысты. Риза болан ата-аналар Өзипа Мәжитқызын «Алтынсарина» деп құрметтепті.
42 жылдан астам уақытта мыңнан аса шәкірт оқытып, тәрбие берді, тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне арнап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Шәкірттері білім олимпиадаларынан жүлделі орындар алды. Олардың көпшілігі Тәуелсіз еліміздің айтулы азаматы болып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Білім саласындағы еңбектері еленіп, облыстық, қалалық білім басқармасы тарапынан бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өзипа Мәжитқызы жолдасымен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, олардың жоғары білім алуына аянбай еңбек етті. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отыр.