Адам денсаулығын сақтау – басты жеңіс!

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданаралық ауруханасы жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сыздықов Әбілқайыр Әбілпаттаұлы аудандағы денсаулық сақтау саласының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы әңгімеледі.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медико-санитарлық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында кешенді шаралар қолға алынды. Бүгінде Жаңақорған ауданы бойынша 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 2 ауылдық аурухана, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункт халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 172 жоғары білімді дәрігер, 823 орта буынды мамандар жұмыс жасауда. 2010 жылы аудан тұрғындары диагностика мен емдеудің инновациялық мобильдік технологияларын пайдалану, яғни санитарлық авиация мен телемедицина арқылы мамандандырылған көмектер алуға қол жеткізді. 2011 жылы 3 дана Камаз жылжымалы медициналық кешен автокөліктері алынып, 2012 жылдан бастап Шиелі, Жаңақорған аудандарының елді мекендеріне мамандандырылған жылжымалы медициналық кешен қызметі көрсетіліп келеді. Осылайша, ауыл медицинасын дамытуға айрықша басымдықтар берілуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында емдеу ұйымдары толықтай электронды форматқа көшіріле бастады. Бұл тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ең үлкен жетістіктеріміздің бірі деп айтуға толық негіз бар. Ауданымыздың денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жұмыстар жан-жақты жүргізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электронды түрде жүзеге асырылуда.

Тәуелсіздік жылдарында жаңадан денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Жаңақорған ауданының өзінде орталық аурухана ғимараты, ауысымына 250 келушіні қабылдауға арналған типтік жобадағы аудандық емхана ғимараты, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Түгіскен, Төменарық, Сунақата, Сүттіқұдық, Байкенже, Кейден, Қандөз, Өзгент, Бірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториялары, Жайылма, Машбек, Қожамберді, Қосүйеңкі, Кеңес, Құттықожа, Қыраш,Көктөбе фельдшерлік акушерлік пункттері мен Аққұм, Екпінді, Талап бекеті, Билібай медициналық пункттері жаңадан салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Елді мекендерде орналасқан 17 дәрігерлік амбулаториялардың барлығы санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілді.

Коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және КВИ-мен ауырғандар арасынан ана өлімін болдырмау, сондай-ақ науқастардың ауыр жағдайларының санын төмендету бағытында шаралар қабылданып, 2020 жылы гуманитарлық көмек арқылы қосымша 10 дана пульсоксиметр медициналық құрылығысы, аса ауыр жағдайдағы науқастарға арналған 1 дана жылжымалы рентген аппараты алынды, сондай-ақ бюджет қаржысы көздерінен 83 млн.теңгеге 1 дана стационарлы рентген аппараты алынды.

Аудандағы денсаулық сақтау саласы ұжымдарындағы кәсіподақ ұйымы жұмысы қызметкерлердің мүдделері мен оларға әлеуметтік-еңбек жағдайын жасауға бағытталып келеді.

Індетпен күрес шараларында жұмыс жасаған бір топ сала қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген сала қызметкерлеріне бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан көмек ұйымдастырылды. Өткен жылы коронавирус инфекциясымен ауырған 4 қызметкерге Көкшетау қаласына тегін жолдама берілді, 19 қызметкерге басқа да емдеу-сауықтыру орындарына жолдамаларға жеңілдіктер жасалды, биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Еңбек ұжымының ұжымдық шарты шеңберінде кәсіподақ ұйымынан 2020 жылы қосымша 70-ке тарта сала қызметкерлеріне өздерінің жазбаша өтініштеріне сәйкес 2,5 миллион теңгеден аса қаржылай көмек көрсетілсе, есепті мерзімге өтініш білдірген 40-тан аса сала қызметкеріне 1,5 млн.теңге көлемінде қаржылай көмек ұйымдастырылды.

Жоғарыда атап өтілген жұмыстардың барлығы Ел Тәуелсіздігінің арқасында іске асып жатқан игі шаралар. Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болғай!