Кәсіподақ өкілдері Ақсу құрылыс нысандарын аралады

26 мамырда партияның Cайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде облыстық мәслихат депутаттары құрамындағы жұмыс тобы Ақсу қаласы бойынша құрылыс нысандарын аралады.

Жұмыс сапары барысында партия мүшелері қалалық жылыту қазандығы мен Құрылысшылар көшесіндегі бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Жұмыс тобының құрамына облыс депутаты, облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айтжанова Динара, облыстық мәслихат депутаттары Илья Теренченко, Ирина Чидунчи, Раушан Даумова, Серік Садуақасов кірді.

Жасалған шарттарға сәйкес барлық объектілер ағымдағы жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс. Қалалық қазандықтың құрылысы аяқталды. Қазір нысанда іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа қазандықты іске қосу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Мердігер ұйым «KBIEnergy» ЖШС.

Келесі партия мүшелері Құрылысшылар көшесіндегі 43 бес қабатты тұрғын үйлерді аралады. Мұнда жұмыстар 90% орындалды. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру және қалалық мәслихат депутаттары анықтаған ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Депутаттық фракция мүшелері партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енген құрылыс нысандарына мониторинг жүргізуді жалғастыруда.