Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымы қаламыздағы бастауыш кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен мүшелерінің басын қосып, Түркістан облысы, Отырар ауданы және Түркістан қаласына тарихи-ағартушылық тур ұйымдастырды. Еңбек ұжымындағы татулық пен ауызбіршілікті сақтау – еңбек адамының жұмысының нәтижесіне тікелей байланысты.
Шымкент қаласынан аттанған “кәсіподақ туристері” алдымен Отырар ауданындағы Арыстан-баб кесенесіне кіріп, баба рухына Құран бағыштады. Жалпы Түркістан топырағын аяқ басқандар әуелі Отырарға бағыт алатыны белгілі. Өйткені, “Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда түмен баб, бабтардың бабы – Арыстан баб” – деген аталы сөз бар.
Мұнан кейін Түркістан қаласына жол тартқан шымкенттік кәсіподақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, қорық-музейді аралады. Мұнан кейін Шымқаладан келген қонақтар Қазақ хандығының орталығы болған Түркістан қаласының көрікті орындарымен танысты.
Тарихи-ақпараттық тур өте сәтті өтті деуге болады. Кәсіподақ өкілдерінің бір-бірімен етене танысып, араласып, бірлесе жұмыс жасауы – кәсіподақ жұмысының деңгейін қашанда көтерері анық. Тур соңында кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен мүшелері Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Лариса Тургинбаеваға алғыстарын жеткізді.