“АЛЖИР” музейінің кәсіподақ мүшелері 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алжирдің бірегей экспонаттары» тақырыбына көрме ұйымдастырды

Көрмені өткізудің мақсаты – ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы қайғылы оқиғаларды еске алу, тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен адамгершілік сезімдерін қалыптастыру, мұражай қызметін кеңінен таныту.

Музейдің бас маманы, кәсіподақ мүшесі Райса Жақсыбаева: «Біз әріптестерімізбен 2019 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен Санкт-Петербург, Тель-Авив, Тбилиси қалаларына барып қайттық. Зерттеу экспедициялары барысында саяси тұтқындардың ұрпақтарымен кездесіп, көптеген материалдар алдық. Жиналған бірегей материалдар «Алжир» залында көрмеге қойылды. Сондай-ақ, көрмеде өткен жылы Алматы қаласына ғылыми-зерттеу іссапары барысында жиналған экспонаттар ұсынылды»,-дейді.

Р.Жақсыбаеваның айтуынша, көрмеде “АЛЖИР” тұтқындары мен олардың отбасы мүшелерінің жеке заттары қойылған. Экспонаттардың ішінде – 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстанның Тұңғыш экономист–профессоры Әзімбай Лекеровтың әйелі Халида Елкібаеваға тиесілі көйлек және бас орамал, белгілі қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің қызы Гүлсім Майлинаның ыдыс-аяғы, бір кездері Қазақстанның қаржы саласын дамыту ісіне баға жетпес үлес қосқан, тұңғыш банкир Тюрябек Османовтың қызы Зарема Османоваға тиесілі «Қызыл Мәскеу» әтірі және т. б. материалдар қойылған.