Әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбековтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Оған еңбек инспекциясының, жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешегі бар және кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанушылық тіркелген жұмыс берушілердің, сонымен бірге елордалық Кәсіподақтар орталығының өкілдері қатысты.

Отырыста жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешектерін өтеуі, сондай-ақ өндірістік жарақаттану және еңбек нарығындағы жағдай туралы мәселелер қаралды.

Қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың маусымына дейін жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы 7 кәсіпорынның 92 жұмыскерге 46 млн. теңге берешегі бар.

Сонымен қатар, елордада жазатайым оқиғалардың салдарынан 18 жұмысшы зардап шеккен. Оның ішінде 5 адам қаза тауып, 13-і ауыр жарақат алған.

Отырысқа қатысқан жұмыс берушілердің өкілдері жұмыскерлер алдындағы берешекті өтеу бойынша және еңбек қауіпсіздігіне қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы есеп берді.

Одан әрі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі Бақтияр Гарифуллин еңбек нарығындағы жағдайды баяндап берді. Жыл басынан бері жұмыс берушінің, заңды тұлғаның таратылуына немесе қызметінің тоқтатылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылуы туралы 106 жұмыс беруші 2105 адамға хабарлама ұсынған. Бүгінгі күні іс жүзінде 66 ұйымда 347 қызметкер жұмыстан босатылыпты.

Осы жұмыстан босатылғандардың ішінде 148-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 14 адам зейнетке шыққан, 18 адам басқа өңірлерге қоныс аударған. Ал 69 адамға жұмысқа орналастыру қарастырылып, қазіргі таңда оларға әлеуметтік төлемдер беріліп отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов жалақыны көтеру, қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту бойынша елордадағы түрлі саладағы еңбек жанжалдарын шешу бойынша атқарылып жатқан мәселелерді баяндады.