Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н. Солтамбековтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов пен Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының кеңесшісі Әлібек Саттаров елордадағы жекелеген кітапханаларды жаңғырту және жөндеу бойынша бірнеше жылдан бері шешуді талап етіп келе жатқан мәселелерді қарастыруды ұсынды.
Айта кетерлігі, бұл мәселелер ағымдағы жылдың 14-ші мамырында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесуде “Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің “Орталық кітапханалар жүйесі” КММ ұжым қызметкерлері тарапынан айтылған болатын.
Әлібек Саттаров елорданың тұрғындар саны артып келе жатқан аудандарында типтік кітапханалар салу, кітапханаларды модернизациялау және кітапхана қызметкерлеріне тұрғын үй, жатақхана беру жөнінде толығырақ баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері осы мәселелерді талқылап, хаттамаға енгізді.