Үйлестіру кеңесінде өзекті мәселелер қаралды

“Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен салалық кәсіподақ басшыларының қатысуымен үйлестіру кеңесі өтті.

Үйлестіру кеңесінің күн тәртібінде күні кеше өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Бас кеңесі отырысында қаралған мәселелер талқыланды.

Бауыржан Ілімшеұлы өз баяндамасында, биыл республика бойынша аумақтық Үшжақты комиссия отырыстарында 77 күрделі мәселелер қаралып, басым көпшілігі оң шешімін тапқанын жеткізді.

2016-2020 жылдары аралығында республикада ұжымдық шарттардың саны 17955-тен 15915-ке, яғни 11 пайызға азайған.

Республикада еңбек орындарында 450 жазатайым оқиға болған болса, 61 адам қайтыс болған. Ал, оның ішінде 1 қайтыс болған оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2021 жылы Шымкент қаласында 1 еңбек дауы болып, оң шешімін тапқан.

Бүгінгі таңда ҚР Парламенті мәжілісі қабырғасында ҚР Еңбек кодексіне “Қашықтықтан жұмыс істеуді” енгізу жайы Заң аясында қаралуда.

Бұдан бөлек, пандемия кезінде жұмысшыларға қосымша әлеуметтік қаржы бөлу жайы қарастырылуда.

Бауыржан Ілімшеұлы сондай-ақ, “Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы” АКБ жанынан құрылған Заң клиникасымен тығыз байланыс орнатып, кәсіподақ мүшелеріне кеңінен насихаттауды тапсырды.

Сонымен қатар, дамыған елдердегі еңбек жалақысын индексациялау тәжірибесін елде қолдану бойынша жұмыстар атқарылуда.

Жиында Бастауыш кәсіподақтар ұйымының республикалық форумы 2021 жылдың 10 қазан күні өткізілетіні айтылып, дайындық жұмыстары бүгінгі күннен бастап пысықталу керектігі жеткізілді.

Бас кеңес отырысында көтерілген өзекті мәселелер мемлекеттік тілге аударылып, салалық кәсіподақтардың электронды адрестеріне жолданды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады.