Еңбеккер бейнесінде – Мақсат Сарсембаев

2019 жылдың тамыз айынан Шымкент қаласы әкімдігінің «Шапағат мүгедектерге арналған оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Еңбек терапиясы бөлімінің инспекторы қызметін атқарып, кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді қатысып келеді.

Мақсат Құрманғазыұлы Сарсембаев 1988 жылы 20 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген.
1994 жылы Шымкент қаласының Орманшы тұрғын алабындағы №78 орта мектепке барып, 2005 жылы Ә.Бөкейханов атындағы №2 мектептің 11-сыныбын бітіріп шыққан.

Бала күнінен спортқа әуестенген бозбаланың он екі жасынан «Каратэ до» спортына қатысуы жігерлі мінезін қалыптастыруға септігін тигізген сыңайлы.

Жоғарғы білім алу үшін Алматы индустриалды-инновациалық академиясына «Интерьер дизайні» мамандығы бойынша оқуға түседі. Академияның 2-курсында, яғни 2007-2008 жылдары әскерге аттанып, Павлодар қаласындағы №5512 бөлімде азаматтық борышын абыроймен өтеп келіп, ел ордасы Астанаға қызметке орналасады.

Ата ана үмітін үкілеген бозбаланың өмірі осылайша басталып келе жатып 2009 жылдың шілде айында күрт сәтсіздікке ұшырайды.

Достарымен бірге Бурабай көліндегі демалыс кезінде суға секіріп жұлынынан ауыр жарақат алады. Күрделі оталар мен ұзақ зерттеулердің нәтижесінде мойын омыртқасына зақым келгені анықталып аяқ-қолдары қимылсыз қалады. Бір жарым жыл қимылсыз төсек тартып жатқанда жігерлі жас өзін қолға алып 0,5 кг салмақты гантель көтеріп жаттығуды бастайды. Ұзақ жаттығулардың нәтижесінде қолдары икемделіп қимылдағанын көргенде сұлық жатқан кеудеге үміт оты ұялайды.

2012 жылы Ресейдің Новосібір қаласының арнайы клиникасынан комплексті ем алып келеді. Сол сапардан бойына күш-жігер жинап асқақ армандармен тек алға ұмтылуға мақсат қояды. Әкесінің көмегімен үйінен арнайы тренажер жасақтарын қолдан жасап денесін шынықтырып жаттыға басайды. Өз бойынан нәтижені байқаған мақсатшыл Мақсат мүгедектерге арналған тренажер залын ұйымдастыруға, тағдырластарының денсаулығын шынықтыруға, өмірге деген құштарлықтарын қайта оятуға ат салысуды игі іске айналдырады. Тәңірінің тірегімен, ата-ананың, бауырларының, достарының демеуі мен көмегінің арқасында өмірге деген құлшынысы оянып қоғамға белсене қосыла бастайды.

Іскерлік, шеберлік қанында болған соң, ата-баба кәсібін жалғастырып ағаштан ою ойып, сандық жасау, есік-терезе үй жиһаздарын жасайтын шағын цех ашып іске қосады. Мақсатшыл Мақсаттың бисер моншақтарынан жасаған, ағаштан жасаған бұйымдары, былғары картиналары көрмелерге қойылып, тұтынушылардың көңілінен шығуда.

Қол өнерші жастар арасында болған сайыста «Ең үздік қолөнерші» номинациясын облыс әкімі А.Мырзахметовтің қолынан алған марапатқа ие болады.

2016 жылы Астана қаласында өткен Республикалық қолөнершілер көрмесінде жүлделі 2-орынды иеленді.
Қол өнерінің нәтижесін көрген мақсаты биік Мақсат келесі белес спортты да оңай бағындырған.

2016 жылдың қараша айында Рио-да өткен параолимпиада чемпионы Зулфия Раухатовна Ғабидулинамен кездесіп, ықпалды мотивациясының арқасында жүзу спортына баруға шешім қабылдайды.

Бүгінгі күні сол бір шешімнің нәтижесінде спорттық асуларды да бағындырып 2017 жылы Атырау қаласында өткен Қазақстан Республикасының 5-спартакиадасының чемпионы, 2018 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатының жүлдегері, 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен 5 параолимпиада чемпионы.

2019 жылы спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Кезекті басты мақсаты – шет елді бағындыру. Мақсаты биік, арманы асқақ азаматтың алар асуы алда деп сенеміз!

Дәстүрлі тәрбие көрген, кішіпейіл сырбаз мінезді Мақсат спорттық жеткен жетістіктеріне жаттықтырушысы Шындауылов Искандер Қазбекұлының еңбегіне шексіз алғысын білдіріп, изгі тілектерін үнемі жолдап отырады.

Қоғамдық қызметтерде де белсенділік танытып 2017 жылдан қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында жұмыс жасайтын «Шектелме мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқаруда.

2018 жылы шілде айында Ақерке атты арумен отбасын құрып, 2019 жылы сәуір айында тұңғышы Арман дүниеге келді. Артынан 2020 жылы шілде айында Жәния есімді қызы туылған. Отбасында әпкесі мен қарындастарына қорған бола білген Мақсат өзіне демеу болған ата-анасына екі дүние бақытын тілеп, бір шаңырақ астында бала-шағасының және өзінің жетістіктерінің куәсі болғанын армандайды.

2019 жылдың тамыз айынан Шымкент қаласы әкімдігінің «Шапағат мүгедектерге арналған оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Еңбек терапиясы бөлімінің инспекторы қызметін атқарып, кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді қатысып келеді.

Мақсат Сарсембаевтың елеулі еңбегі бағаланып, ол «Қазақстан Республикасының Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.