Республика бойынша еңбек қатынастары мәселелері талқыланды

Еңбек тәуекелдері картасы, жалақыға қарыз, жұмысшылардың босатылуы сынды республика бойынша еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелер бүгін үш жақты комиссия отырысында талқыланды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың төрағалығымен Республикалық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия күн тәртібінде еңбек жанжалдарын реттеу және алдын-алу бағытындағы қабылданып жатқан шаралар барысын талдап, Үкімет пен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған бас келісімді жүзеге асыру іс-шарасын бекітті.

Сонымен қатар, республикалық комиссия «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және «Еңбек жолы» конкурстарын өткізу туралы мәселені пысықтады. Комиссия отырысына онлайн режимде Қызылорда облыстық үш жақты комиссиясы құрамында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Марат Бәйімбетов және комиссия мүшелері – салалық кәсіподақ төрағалары қатысты.