Кәсіподақтар зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарына қарсы күресті қолдайды

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының “Астана” қалалық филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымының жылын өткізу бойынша іс-шараларды іске асыру шеңберінде Щучинск санаторийінде ірі мүшелік ұйымдарының бірі “Астана су арнасы” МКК бастауыш кәсіподағының активімен көшпелі семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңесті Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Құсейін Есенғазин ашып, жыл басынан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау, еңбек қатынастары саласындағы қызметі және еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдарға арналған Салалық келісімді іске асыру жоспарының негізгі бағыттарын белгіледі.

“Астана су арнасы” МКК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Темірболатов Ұжымдық шарт талаптарының іске асырылу барысы, жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту бойынша өткізілетін іс-шаралар туралы семинар-кеңеске қатысушыларға айтып, бөлісті.

Күн тәртібінде гендерлік теңдік мәселесі және кәсіподақтар қызметінің әлеуметтік-еңбек және қоғамдық-саяси қатынастарда ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін нақты қамтамасыз ету жөніндегі негізгі бағыттары қаралды.

Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағының “Астана” филиалының төрағасы Т.Мадьярова өз сөзінде COVID-19 пандемиясы халықтың көпшілігін көшеге шықпауға мәжбүрлейтінін атап өтті. Алайда, әрқайсысы өз үйін ең қауіпсіз орын деп таба бермейді. Бұл денсаулық пен қауіпсіздік үшін ғана емес, отбасылар мен қоғамның жалпы әл-ауқаты үшін жаңа қауіптер мен қорқыныштар әкелді. Пандемия кезінде, БҰҰ-ның пікірі бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиілеп кетті, бұл жағдай бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да орын алды. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) зорлық-зомбылықты адамдардың өліміне және жарақаттануына әкелетін қауіпті өндірістік факторға жатқызады. ХЕҰ-ның жүз жылдық мерейтойында еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қол сұғушылыққа тыйым салуға және оны болдырмауға шақыратын № 190 Конвенция қабылданды.

Ағымдағы жылдың 25 маусымында ХЕҰ-ның «Еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» №190 Конвенциясы күшіне енеді және осы іс-шара қарсаңында Халықаралық Еңбек Ұйымы «Іс-қимыл апталығын» жариялады. Бұл науқанға Кәсіподақтар федерациясы да қосылды. Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Кәсіподақтар федерациясының бастамасын қолдайды, өйткені бұл конвенция мемлекеттерге, жұмыс берушілер мен кәсіподақтарға азаматтарға қатысты тиімді саясатты әзірлеуге, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оның жағымсыз салдарын жоюға көмектеседі.

Кәсіподақтар зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарына қарсы күресте негізгі рөл атқарады және Қазақстандағы ХЕҰ №190 Конвенциясын ратификациялауды ілгерілетеді.