Бастауыш ұйымда кітап бұрышы ашылды

Қызылорда облысы Қармақшы аудандық ауруханасында ұжым қызметкерлері үшін арнайы кітап бұрышы ашылды. Кітап бұрышының ашылуына аудандық аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымы мен қазақ тілі қоғамы бастауыш партия ұйымы мұрындық болды.

«Кітап оқу-адамның қиялын ұштап, ой-өрісін кеңейтеді. Ұлттық рухани-мәдени, интеллектуалдық әлеуетімізді кемелдендіріп, шығармашылық белсенділігімізді арттыруда кітап оқу – аса қажеттілік болып табылады» дейді бастауыш кәсіподақ ұйымы белсендісі Назерке Пирманова. Кітап бұрышының сөресі Қармақшы ауданы тарихы жазылған «Қармақшы», Шыңғыс Мұқанның «Көшбасшылық», Сыр аналарына арналған “Ана-өмір” сынды кітаптарымен және медициналық, кәсіби кітаптармен толыққан.

Демалыс, үзіліс уақыттарын тиімді пайдалануға, білімдерін жетілдіруге септігін тигізер кітап бұрышының ашылғанына қызметкерлер ризашылықтарын білдіріп, сөрелердің одан әрі толығуына өз тараптарынан үлес қосу туралы ниеттерін де жеткізуде.