«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасының еңбек ұжымымен кездесті

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасының МҚКК бастауыш кәсіподақ ұйымының еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген, «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қайрат Жаңабеков қатысты.

Іс-шара басында балабақшаның қызметі туралы қысқаша бейнесюжет көрсетілді. Балабақша 2016 жылдың маусым айынан бастап жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда 8 топ жұмыс жасайды, оның 6-ы қазақ, 2-і орыс топтары. Мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері көптеген республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр.

«Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасының қызметкерлер саны 38 адам, бала күту демалысында – 4. Еңбек ұжымының барлығы – кәсіподақ ұйымының мүшелері. «Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасының МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – Камшат Шекербекова.

2018 жылы 3 қыркүйек күні кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші  «Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасының қызметкерлерімен ұжымдық шарт жасалынды. Кәсіподақ ұйымымен еңбекақыларының уақтылы төленуі, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі бойынша тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі.

Камшат Шекербекова өз сөзінде кәсіподақ ұйымы ата-аналармен,  балабақша басшылығымен бірлесе отырып, көптеген іс-шараларды өткізетіндерін атап өтті. Мәселен, балабақшада көптеген сайыстар ұйымдастырылып тұрады. 8 наурыз, 22 наурыз, Ұстаздар күні, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мәдени шаралар өткізіледі. Жаңа жыл мерекесін өткізуге кәсіподақ ұйымынан қаржы бөлініп, іс-шараларда мақтау қағаздары және сыйлықтармен тұрақты түрде марапатталып тұрады.

«Бүгінде Федерация бастауыш кәсіподақ ұйымдарының дамуына қажетті мүмкіндіктерді жан-жақты қарастырып жатыр. Соның ішінде, әлеуметтік сала қызметкерлеріне баса назар аударамыз. Себебі, әлеуметтік салада қызмет ететін мұғалімдер, дәрігерлер, балабақша қызметкерлерінің жағдайы күрделі. Осыған орай лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деп атап өтті Н.Өтешев.

Шара барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген балаларға барлық жағдайды жасау қажеттігі, соның ішінде мемлекеттен бөлінетін қаржыны көтеру туралы мәселені қозғады.

«Бала тәрбиелеу деген оңай дүние емес. Балабақша қызметі өте қажет. Қазіргі тәрбие мәселесінде балабақшаларға, соның ішінде балабақша қызметкерлеріне барлық жағдай жасалуы қажет. Мәселен, балабақшада қаншама жыл қызмет етіп келе жатқан жандардың еңбегін елеу мәселесі әлі де жеткілікті деңгейде қарастырылып жатқан жоқ», – дей келе, балабақша қызметкерлеріне өз ризашылығын білдірді.

Мейрамбек Төлепберген әр қызметкерге лайықты еңбек жағдайларын жасаудағы және оның әлеуметтік әл-ауқаты мен дамудағы өсуіндегі кәсіподақтың рөлін ерекше атап өтті. Ол қызметкерлердің барлық ұсыныстары мен өзекті мәселелері парламентшілердің назарынан тыс қалмайды деп сендірді.

Еңбек ұжымы тарапынан Парламент Мәжілісі депутатына ваучерлік қаржыландыруды енгізу мәселесі бойынша сауал қойылды. Мейрамбек Төлепберген бұл мәселені қарастыратынын жеткізді.

«YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қайрат Жаңабеков Федерация ұйымдастырып отырған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының бүгінгі таңдағы маңыздылығы туралы айтты. Осындай кездесулер арқылы бастауыш ұйымдардағы өзекті мәселелермен, еңбек ұжымдарының қал-жағдайымен танысу мүмкіндігін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы мәселесінің өзектілігі мен лайықты еңбек жағдайы аясында сөз қозғады. Сөз соңында салалық кәсіподақ төрағасы қызметкерлер тарапынан кез келген ұсыныстарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

Кездесу соңында «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Шымкент қалалық филиалы және демеушілер атынан балабақшаға арнайы сыйлықтар табысталды.

Еске сала кетейік: ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы 2021 жылдың  Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялануына орай осы жылғы ақпан айында басталды. Акция ҚРКФ басшылығының, Парламент Мәжілісі депутаттарының, мүшелік  ұйымдар мен еңбек ұжымдарының өкілдерінің қатысуымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын виртуалды түрде аралауды көздейді. Мұндағы мақсат – әр бастауыш ұйымымен кездесіп,  өзекті мәселелерін анықтау, озық тәжірибелермен алмасу және аймақтық кәсіподақ белсенділеріне  қолдау көрсету.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы