Ақ халатты абзал жан

Бақберді Кезембаев 1953 жылы 31 шілдеде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Каменин ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, «Емдеу-ісі» факультеті бойынша 1976 жылы «Дәрігер-оташы» мамандығын бітірген.

Алғашқы рет еңбек жолын Жамбыл облысы, Талас аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі болып бастаған.

1978-1980 жылдар аралығында Тараз медициналық училищеде хирургия пәнінің мұғалімі, 1980-1985 жылдары облыстық онкологиялық диспансерде дәрігер-хирургтан сол мекеменің бөлім меңгерушілігне дейін көтерілді.

1985-1989 жылдары Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып, 1990-1996 жылдары №5 қалалық емхананың, одан соң облыстық онкология диспансерінде жұмыс атқарған.

1996 жылдан бастап 2016 жылға дейін, Жамбыл облыстық қан орталығының бас дәрігер қызметін атқарды.

2017 жылдан бастап Жамбыл облыстық қан орталығының дайын қан өнімдерін тарату тобының меңгерушісі қызметін атқарады.

Қазақстанның барлық облыс орталықтарында, Алматы, Астана, шет елдердің Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы, Қырғызстан Республикасы -Бішкек қаласы, Ресей Федерациясы-Мәскеу қаласы, Украинаның Харьков қаласы, Израиль мемлекетінің Тель-Авив пен Иерусалим, Испанияның Барселона қаласы, Нидерландының Амстердам қаласы, Ұлыбританияның Лондон қаласы және Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қалаларында өткен көптеген халықаралық жиындарға қатысып, баяндама жасаған.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Медицина қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Алтын дәрігер», «Тараз қаласының Құрметті азаматы» төсбелгілерімен Ресей Федерациясының «Гиппократ» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне-25 жыл» медальдарымен, сонымен қатар Жамбыл облысы, Тараз қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі 25 жылдан астам.

Қызметтегі жұмыс барысында ол өзін білікті, кәсіби дайындығы мол маман ретінде көрсете біледі, өз ісінің шебері. Еңбекқор, өзіне және әріптестеріне талапшыл, беделді. Жұмыс барысында өзін жан-жақты білімді, заманауи технологияларды меңгерген маман ретінде көрсетуде.